Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында «Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспециясы» ММ-нің, автомобиль көлігіндегі бақылау бөлімінің бас мамандары сотталушылар А. және П-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушылар қызметтерін асыра пайдаланып, осы уақытқа дейін бірнеше рет пара алып келген.
Ақтау қалалық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2, 4-тармақтарымен сотталушы А. мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушының жеке өзіне тиесілі мүлкі тәркіленіп, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге шешім қабылданды. Сондай-ақ сотталушы П.-ға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылу тағайындалды. Мүлкі тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
— Атап өтетін жайт, сотталушылар қасақана, пайдақорлық ниетпен қылмыстық сөз байласып, адамдар тобы болып, бірнеше рет жеке кәсіпкерден заттай және ақша түрінде пара алып келген. Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық шағымдардың негізінде қарап, сот үкімін өзгеріссіз, шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырды, — дейді Маңғыстау облыстық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гаухар Нұрханова.
Венера МИРЛАН