Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойының аясында «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының телебағдарламалар дайындау бойынша шығармашылық бөлімінің шеф-редакторы Маржан Медиева ақпарат саласының үздігі атанды. Облыстық телеарнада 24 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан әріптесіміздің еңбегі еленіп, мерейлі мереке қарсаңында «Тәуелсіздікке 25 жыл», «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл» медальдері мен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Маржан Төкенқызы облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында 1993 жылдан бері қызмет етеді. Еңбек жолын техникалық мүмкіндіктері аз 90 жылдары дикторлықтан бастаған. Тележүргізуші кейін редактор, аға редактор және директордың орынбасары қызметтерін атқарады. Қызықты да жауапты жұмысында ол өзінің жоғары жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және сондай-ақ, тартымдылығымен көзге түседі.
Әрине, 24 жыл ішінде қиындықтар да, жетістіктер де болды. Еңбегім еленіп, осындай марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жеріміз тыныш болғай! — деді Маржан Медиева. Маржан Медиеваны көпшілік «Үміт сәулесі» хабары арқылы да жақсы біледі. Өлкеміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуді мақсат еткен бағдарлама аясында қайырымдылық концерттер ұйымдастырылып, жиналған қаражатқа бірнеше жарымжан жанға ота жасалған. Осы жұмысы үшін әріптесіміз «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының «Сауап» медалімен марапатталған. Біз де Маржан Төкенқызын «Ақпарат саласының үздігі» атануымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!
Анар ШАМШАДИНОВА