Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай «Каскор-Транссервис» акционерлік қоғамында өткен жиында бір топ қызметкерлер марапатталды.
Айта кету керек, кәсіпорын дағдарыс кезеңіне қарамастан алға қойған мақсат межесінен көрініп, жылды табысты қорытындылағалы отыр. Сонымен бірге шартта қамтылған әлеуметтік міндеттемелер де орындалып, ұжым мүшелерінің тұрмыстық және еңбек жағдайының жақсаруы назарда ұсталды. Барды ұқсатата білетін берекелі ұжымда айта жүрерліктей оңды істер аз емес. Биыл пайдалануға берілген спорт – демалыс кешені – осының бір мысалы ғана.
— Ата-бабамыздың арманы болған егемендікке 1991 жылы қол жеткізіп, Тәуелсіздік туымызды көгімізде желбіретіп, өз жолымызды белгілеп, көшімізді түзедік. Елбасының салиқалы саясаты арқасында қиын-қыстау, бұралаң жолдардан өткен еліміз еңсесін тіктеп, экономикасы өркендеп, төрткүл дүниеге танылды. Көппен бірге біздің ұжым да жас мемлекетіміздің іргетасын бекітуге жұмылды. Ортақ табыста сіздердің де үлестеріңіз бар. Елеулі еңбегі, өнікті ісімен кейінгі жастарға өнеге болып жүрген ардагерлерімізді мақтан етеміз, — деп «Каскор-Транссервис» АҚ директорлар кеңесі төрағасы Али Сахимов Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай марапаталып отырған азаматтардың есімдерін атады.
Кәсіпорын құрылған алғашқы жылдардан бастап, табан аудармай жұмыс жасап келе жатқан дабылдатпа, орталықтандыру, бұғаттау, телекоммуникациялар және автоматтандырылған жүйелер мекемесінің бастығы Анатолий Павлович Турилин Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша ҚР Құрмет грамотасымен марапатталды. Локоматив депосының тепловоз машинисі Момынжан Ниязбековке «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл мерекелік медалі» табыс етілді. Басқару аппаратының еңбекті қорғау және азаматтық қорғаныс бойынша қызметінің жетекші инженері Досым Қасанов, кадрлар жөніндегі жетекші маман Жанаргүл Дауылбаева, темір жолдардың техникалық күтімі және жөндеу ЖУ-нің жол шебері Уалихан Бөлекбаев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Біліктілігімен, жоғары белсенділігімен, жақсы көрсеткішімен көріне білген бірнеше адамға қала әкімінің грамотасы, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалы төрағасының Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ, онға тарта қызметкерге «Каскор-Транссервис» АҚ басшылығы атынан грамота, Алғыс хат берілді.
Марапат иелері еңбегін бағалап, құрмет көрсеткен «Каскор-Транссервис» АҚ басшылығына ризашылығын білдіріп ғана қоймай, кәсіпорында жүзеге асып жатқан оңды істерді баяндап, өндірістік көрсеткіштерді арттыру, еңбек жағдайын жақсарта түсуге қатысты ой-пікірімен бөлісті.
Болат ҮМБЕТОВ