Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Қаламқасмұнайгаз», «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармаларында кеңінен тойланды. Мерекелік көңіл-күй құшағында думандатқан мұнайшылар құрмет пен ыстық ықыласқа бөленіп, сый- сыяпатқа кенелді. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері жер нәрін ел ырыздығына ақтарған кен орны Жетібайда тойланған мерекеде мұнайшыларды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Иманбаев құттықтады.
– Құрметті «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының ұжымы мен осы кен орнында жұмыс жасайтын сервистік компания қызметкерлері! Сіздерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! 1991 жылы егемендік алып, тәй-тәй басқан еліміз бүгінде қалыптасу, өрлеу жолындағы мемлекетке айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатының арқасында еліміз бір шаңырақтың астына бірігіп, татулық пен бірлікте ғұмыр кешіп келеді. Бүгін «Маңғыстаумұнайгаздың» 2016-2019 жылдарға арналған ұжымдық шартына қол қойылып,қосымша қаржы қосылды. Өздеріңіздей білікті мамандар барда еліміздің алар асуы мен бағындырар белесі алда деп ойлаймын. Елімізде татулық пен тыныштық жарасым тауып,бірлігіміз бекем, іргеміз мықты болсын! – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Бақыт Алтайұлы.
Маңғыстау мұнайшыларының үлкен өндіріс мектебіне айналған құт мекеннің экономикадағы алатын орны туралы әңгімелеген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн мұнайшыларды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Салтанатты шарада әр жылдары жемісті еңбек етіп, толымды табысқа жеткен мұнайшылар ҚР Энергетика министрлігінің алғыс хатымен, мерекелік медалімен, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапатталды. Мұнайшы өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй тартып, жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады.
«Құрметті, жерлестер, ардақты мұнай саласының қызметкерлері! Баршаңызды Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Осыдан 25 жыл бұрын ғасырлар бойғы аңсаған азаттықтың таңы атып, еліміз егемендікке қол жеткізді. Осы жылдар ішінде тарихымыз бен мәдениетіміз, білім мен ғылым саласы биік деңгейге көтерілді. Алмағайып заманда басымызға қонған бағымызды бағалып, қадірлей білу – баршамыздың борышымыз. Еліміздің экономикасының күретамырына айналып, әл-ауқатымызды арттырған мұнай-газ саласы қызметкерлеріне зор үлесі үшін ризашылығымызды білдіреміз. Баршаңызға зор денсаулық, қуат-қайрат, отбасыңызға амандық тілеймін! Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасай берсін!» –деген Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Әбдеш Түркменбаев ел ырыздығын елге несібе етуге еңбектенген бірқатар мұнайшыға Қарақия ауданы әкімінің алғыс хатын табыстады.
Салтанатты сәтте туған өлкені өркендету жолында тер төгіп, қажырлы еңбек еткен мұнайшылар «Самрұқ-Қазына» АҚ Құрмет грамотасымен, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Құрмет грамотасымен, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» алғыс хатымен марапатталды.
– Еліміз үшін мәртебесі биік мерекеде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының кәсіподағы атынан алғыс хат пен қаржылай сыйлыққа ие болдым. Жетібай кен орнында 1983 жылдан бері жұмыс жасаймын. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда жағдайымыз едәуір жақсарып, өндірістің өңі өзгерді. Мәселен, ауыр қол еңбегін қажет ететін жұмысымыздың басым бөлігі автоматтық жүйеге көшті. Техниканың тілін үйреніп, жаңа технологияны жатсынбай, меңгеріп алдық. Тәуелсіздіктің арқасында өсіп- өндік, дамыдық, жапырағымыз жайылды. Егемендігіміз еңселі болсын!,–деді аталмыш өндірістік басқарманың прокаттау-жөндеу цехының жөндеушісі Ісенбай Таңжарықов.
Қойнауы құт Қаламқаста тойланған Тәуелсіздік мерекесі құттықтау лебіздер мен игі шараларға, құрмет- қошеметке толы болды. Мұнайшыларды мерекемен «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі вице- президенті Серік Әбденов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Пэй Цзяньшэн, аталмыш акционерлік қоғамның бас директорының адам ресурстарын басқару және әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары Нұрсерік Күдереев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Талғат Айдынов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Талғат Қылаңов және өзге де басшылар құттықтай барды.
Күмбірлеген күй мен әуелеген ән кернеген кең залға ағылған мұнайшылар мерекелік көңіл- күй құшағында. Қызу еңбек қарқыны қалыптасқан «Қаламқасмұнайгаздың» ұжымы төл мейрамда әдеттегідей өндірістің өтінде емес, мерекелік алаңнан табылды. Бір-бірін мерейлі мерекемен құттықтап жатқан мәртебелі мамандар жұмыстан бір сәт сергіп, шараның сыйлы қонағы болды.
– Құрметті мұнайшылар! Баршаңызды ел тарихындағы ең маңызды күн– Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Егемендік жылдарда еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосып, ел еңсесінің көтерілуі жолында талмай еңбек еттіңіздер. Компаниямыздың әлеуметтік саясаты аясында соңғы жылдары мектептер мен спорт алаңдары, мәдени-әлеуметтік нысандар, жаңа жолдар салынып, тарихи ескерткіштерді жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік бағыттағы тағы бір шара 2015 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы мен жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің арасында іскерлік байланыс орнықты. Байланыс аясында жоба жемісті жүзеге асып келеді. Туған жерімізді өркендету жолындағы еселі еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін!, – деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының адам ресурстарын басқару және әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары Нұрсерік Күдереев.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлегендер Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер мен толағай табыстарымызды еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашып, бүгінгідей биікке жеткізгенін атап өтті. Өткен тарихтың еншісінде қалған ата- бабаларымыз бастан кешкен қиын-қыстау күндер, ел басына күн туған заман, зұлмат жылдар жаңғырығы жас ұрпақтың жадында сақталып, Тәуелсіздіктің құндылығын қастерлеу жайында орамды ойлар айтылды.
Тәуелсіздік мерекесін тойлаған ынтымағы жарасқан ұжым салтанатты шарада мұнайшы өнерпаздардың орындауындағы әсем әндерге құлақ құрышын қандырды. Елді татулыққа, бірлікке, тұрақтылыққа үндеген мейрамда жер байлығын ел кәдесіне жаратқан мұнайшылар ҚР Энергетика министрлігінің мерекелік медалімен, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының және Кәсіподақ атынан алғыс хатымен марапатталып, сый-құрметке бөленді.
– Осыдан 10 жыл бұрын кен орнына жұмысқа 3 дәрежелі оператор болып қабылдандым. Сол уақыттарда еңбек жолында тәжірибесі мол ағаларымыз өндірістің қыр-сырын үйретіп, еңбекке баулыды.Соңғы 10 жылдың өзінде өндіріс саласында жаңа тәжірибелер пайдаланылып, озық үлгідегі техникалар қолданысқа енгізілді. Кен орнында бір топтық қондырғыда күніне 3 мың тоннадай мұнай өндіреміз. Тәуелсіздіктің арқасында әлеуметтік жағдайымыз жақсарып, тұрмысымыз түзелді. Жаңа ұжымдық шартқа сәйкес компания тарапынан берілетін көмектің көлемі кеңіп отыр. Мерекеде «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының алғыс хатымен марапатталдым. Басшылық тарапынан алғыс алып, мейрамды тойлап, бір жасап қалдық. Мереке құтты болсын! Татулық пен тыныштық салтанат құрған еліміздің еңсесі түспесін! – деді кен орнының №2 цехының мұнай-газ өндіру 4 дәрежелі операторы Азамат Шабай.
Игі істерге ұдайы ұйытқы болып, бірнеше күн бойы мерекелік көңіл- күй құшағында думандатқан «Маңғыстаумұнайгаз» акцонерлік қоғамы Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығын осындай еңбек тартуымен қорытындылағалы отыр.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Ербол АЙТБАЕВ