Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Маңғыстау облыстық сотында салтанатты шара өтті.
Оған облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов, облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, сот жүйесінің ардагерлері, сот қызметкерлері, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Алғашқы сөз тізгінін алған Ж.Аланов жиынға қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізіп, қасиетті мерекеге орай сот жүйесінде мінсіз қызмет атқарған үздік мамандарды, тәуелсіздік таңы атқанда дүниеге келген, адам құқығын қорғаған білікті жастарды, сот жүйесінде ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерді, сот пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға үлес қосып жүрген ҮЕҰ мен БАҚ өкілдерін марапаттады. Сондай-ақ ел егемендігін алған жылы шаңырақ көтеріп, отау тіккендеріне 25 жыл толған, сот жүйесінде үздіксіз еңбек етіп жатқан сот қызметкерлері құрметке бөленді.
Облыс әкімінің орынбасары Ә.Шөжеғұлов қасиетті мейраммен құттықтап, Маңғыстау өлкесінде заң сақталуын қадағалап, түзу тәртіп орнатып жүрген бірқатар судьялар мен сот саласының ардагерлеріне «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Салтанатты шараның соңына дейін құрмет пен марапат толастаған жоқ. Мың бұралған бишілер, күміс көмейлі әншілер өнерден шашу шашты. Мерейлі мерекеге орай сотта дәстүрлі жәрмеңке де өтті. Ұлттық тағамдар, сусындар және қолдан жасалған түрлі тамақтар халық назарына ұсынылып, сатылымға шығарылды. Одан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалды.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН