©
Бүгін Маңғыстау ауданында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Еліміздің өсіп-өркендеуіне әр салада өзіндік үлес қосқандар құрметтің құшағына еніп, марапаттың биік мінберіне мінді.
Астанадан арнайы келген ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Нәдірбаев Ақбатыр Алладинұлы аудан тұрғындарын еліміздің ең ұлық мерекесімен құттықтап, бірнеше еңбеккерлерге Елбасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалін тапсырды.
Маңғыстау облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов маңғыстаулықтардың қуанышына ортақтасып, облыс әкімі Алик Айдарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін әр саланың үздіктері өңір басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Еңбектері еленіп, марапатпен мерейлері өскендің қатарын аудан әкімі Жармағанбет Айтуаровтың Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алғандар толықтырды.
Сондай-ақ Маңғыстау аудандық мәслихатының 2016 жылғы 12 желтоқсандағы № 6/62 Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы атағын беру туралы шешімі негізінде 16 аудан тұрғыны Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы атанды.
Лаура ӘБДІБЕКҚЫЗЫ