Маңғыстаулық спортшылар Петропавлдан жүлдемен оралды. Бұл жолы кикбоксшылар Қазақстан Кубогі сарапқа салынған жарысқа қатысып, алты бірдей жүлдені еншіледі. Атап айтқанда Шыңғыс Искаков (86 келі салмақта) алтыннан алқа тақса, Жұбатқан Сайынов (86 келі салмақта), Өнербек Селбай (63 келі салмақта), Сәбит Құрашов (57 келі салмақта) күміс медальді еншіледі. Таңатар Хамитов (63 келі салмақта) пен Жақсыбек Азанов (81 келі салмақта) қоланы қанағат тұтты. Осылайша облыс қоржыны бір алтын, үш күміс және екі қола медальдармен толықты.
— Жарысқа еліміздің әр аймағынан келген жалпы саны 150 спортшы қатысты. Кикбоксингтің фулл-контакт, к-1 бөлімдері бойынша өткен жарыста спортшыларымыз 16 салмақ бойынша бақ сынады. Жарыстың қорытындысында Маңғыстау облысының алты спортшысы жеңіспен оралды. Бұл жеңісіміз-біздің Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне тартуымыз деп есептеймін. Жалпы бүгінгі таңда облыс орталығындағы «Толқын» спорт кешенінде кикбоксингпен 90 бала жаттығып жүр, - дейді Маңғыстау облысының кикбоксингтен аға жаттықтырушысы Есенмұрат Селиков.
Сондай-ақ кикбоксшылар 10-желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен халықаралық жарысқа қатысып қайтты. Ресей, Қазақстан, Украина, Финляндия мемлекеттерінен 620 спортшы қатысқан жарыстан маңғыстаулық Жұбатқан Сайынов чемпион атанып, ел абыройын арттырып, әнұранымызды асқақтатты. Одан бөлек, Мұхтархан Доғдырбайұлы мен Берекет Құлқашевке күміс медальдар бұйырды.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="15949,15952,15950"]