Ақтау халықаралық теңіз сауда портының аумағынан алғашқы әскери кемелер аялдайтын айлақ пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов пен облыс әкімі Алик Айдарбаев арнайы қатысты.
— Баршаңызды қоғамдық стратегиялық маңызы зор ірі жоба-әскери теңіз күштері айлағының ашылуымен құттықтаймын. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің отандық әскери-теңіз күштерін құрудың мақсаты Каспий теңізінде еліміздің қауіпсіздігін сақтау, теңіз жағалауын күзетуде мемлекетіміздің әскери теңіз күштерін дамытудың басым бағыттары болып табылады. Қарулы Күштеріміз еліміздің өркендуімен өзара тығыз байланыста. Еліміздің әскери қауіпсіздігіне сенімді кепіл бола алатын Қарулы Күштеріміздің бас қолбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен оң бедел арттыруда. Егемендігіміздің арқасында қол жеткізіп отырған жетістіктеріміз құтты болсын. Отанымыздың игілігі үшін атқарып жатқан қызметтеріңізге шын ниетіммен алғысымды білдіремін. Сіздермен бүгін елімізге ортақ қуанышты бірге бөлісе отырып, отбасыларыңызға құт-береке, дендеріңізге саулық, қиын да қызықты, адал еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай алғаш рет қолданысқа берілген нысанның ұзындығы 1,2 гектарды құрайды. Айлақ бір мезгілде оннан аса кеме қабылдау мүмкіндігіне ие.
— Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Бұл айлақтың қолданысқа берілуін біз он жыл күттік. Біз бұған дейін Баутино айлағын жалға алып келген болатынбыз. Оның үстіне ол порттан әскери кеменің ашық теңізге шығуына алты сағат жұмсалса, енді жаңа айлақта уақыт төрт сағатқа қысқарады. Бұған дейін әскери-теңіз күштеріне қарасты кемелер Түпқараған ауданындағы Баутино портында шоғырланып келген еді. Бұл өз кезегінде облыс орталығында тұратын теңізшілердің жұмыс орнына қатынауына қиындық туғызғаны рас. Бұл мәселе еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында оңынан шешімін тауып отырғаны бізді қуантады. Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық армияның материалдық-техникалық базасын жетілдіруге ерекше көңіл бөледі. Әскери қызметшілердің қызмет ету жағдайын жақсарту мақсатында стратегиялық тұрғыда маңызды нысандар пайдалануға беріліп, әскери қалашықтар мен гарнизондардың әлеуметтік инфрақұрылымы жетілдірілуде. Жеткілікті инфрақұрылымы бар жеке айлақтың құрылуы Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелерін техникалық әзірлікте ұстау, қойылған тапсырмаларды шешу кезінде қысқа мерзімде олардың жауынгерлік қабілеттілігін сақтау және қалпына келтіру үшін аса маңызды жағдай болып табылады, — деген ҚР Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов жаңа жылға дейін Баутинода шоғырланған қазақстандық әскери-теңіз флоты толық құрамда Ақтауға жеткізілетінін атап өтті.
Бүгінгі таңда кешеннің гидротехникалық құрылымына қатысты жұмыстар қарқынды жүрізілуде. Құны 3 млрд теңгені құрайтын айлақтың алғашқы кезеңі тапсырылды, екінші кезең келер жылдың қаңтар айында толықтай қолданысқа берілмек.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="15931,15933,15934,15929,15935"]