Күнәсіз сәби шағымыз, шамамен екі жасымызда былдырлап сөйлеп, төңірегімізді тәтті қылықтармен сүйсінткен болармыз. Кез-келген бөбектің бес жасқа дейінгі қабілетінде, ғажайып жаратылысында бір-біріне айнадай ұқсастық бар. Менің білетінім көріп-білуге құмарту, төңіректі тану, ілгеріге ұмтылу қаріп танудан басталатындай «Әліппені» игерген соң, кітап оқу құмарыңа айналады.
Осы кездегі балдырғандардың рухани қажетін өтейтін тамаша туындыларды жазған Ерекен Қорабаевтың аяқ астынан жазушы болып шыға келгендігі шын мәнінде де ерлік. Біздің балалық шағымыздағы Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев секілді балалар жазушыларының тізімінде қазақ тілінде жазатын Машқар Гумеров (башқұрт) мен Саид Баязитов (татар) бар еді. Сәбидің рухани сезімтал тамырына нәрлі қорек еге алмай жүрген қазақ прозаиктарының сиректігіне қынжылатынмын. Жақында баспадан шыққан Ерекен Қорабаевтың «Есі бар тентек» кітабы сол үмітімізді кеш те болса ақтағандай. Талассыз таланттың бүгінгі компьютерлік заманда, әсіресе, қазақ балалар әдебиетінде прозалық шеберлік көрсетуі – сирек құбылыс.
Әр сөздің «тұтқынында» отырып, мына қаламгерді қалайша көрмегенбіз деп ұялғаннан бетіміз дулайды. Мұның мән-жайын Ерекеннің өзі түсінетін азамат қой. Қай шығармасын алмаңыз, бала психологиясының шын шебері кез-келген балдырғанның жақсы қасиетінің болатындығын пайымдатады. Бөбек тәрбиесін байыппен баяндайды. «Несібе» әңгімесінде бейнетті еңбектің зейнетін көрген мұнайшының өмір жолын үлгі етеді. «Пифагор шалдың аманаты», «Байлық» әңгімесінде мектептегі күлкілі жайттар әдемі қабылданады. «Циркте болған оқиға» шағын повесть секілді олжалы туынды. «Ақ қалпақ киген қызды» оқи отырып, «Ақторғын» әнін шырқап жібергеніңді білмей қаласың. «Адалдық» әңгімесінде сатушының мейірімділігі дәріптеледі, адалдық алға шығарады. «Сегізінші сабақ» әңгімесі бейғам балалықтың ең тәтті шағына батырады, екі баланың түрлі тағдыры өмірдегі көп нәрсеге куә қылады. «Ой қызық-ай» бөлімі негізінен балалардың күлкілі жайттарынан құралған. Ерекен Қорабаевтың «Алтын қаламнан» жүлде алған шығармасы соңғы бөлімге топтастырылған.
Бөбектер үшін бекерге қалам тартып жүрмеген Ерекеннің әдебиеттегі жолы адамдарды, елді терең махаббатпен сүюден басталыпты. «Біздің ауылдың адамдары» деп аталатын бөлімді оқыған адам Шайыр деп аталатын ауылдың адамдарына, тіпті табиғатына дейін іңкәрлік құлатады. Осында туған перзенттің кез-келгені Шайырда тұрғанын өздеріне бақыт санайды. «Тау жағалай бұлақтарды сағалап, аздаған егіндерін салып, тары-парымен ілдәлап отырған біздің шағын ауылда, «міне, мынау» деп көрсете салуға жарарлық мәдениет орындардан көзге түсері, қолдан басылған соң кірпіштен қаланған, мектеп үйі бар...
Қай жағынан алып қарасаң да, ауыл тірлігінің адам қызығарлықтай асып-тасып жатырғандығы шамалы. Сондай қызықтыратын нәрсе – ауыл кітапханасы. Сәнтай апайдың жылы қабағы. «Тек мен емес, сырттан шалқая кірген оқымыстылардың да күні Сәнтай апайдың алдына келгенде бір уыс болады» дегені бала көкірегінде мөп-мөлдір күйінде қалған сурет, Ерекеннің қаламының үлкен олжасы.
Ауылдастардың мақтанышы, мерей тасытар қуанышы, әдебиетке қанығып өскен Ерекен Қорабаевтың әрбір композициясы құстаңдайланып қызық өріледі. Сөз сиқырына арбалған талғампаз, сәби жүрек бағбанының әрбір сөйлемі, бала психологиясы берік қабысып жатады. Қашан да сергек Ерекеннің тілі құнарлы, сөйлемдері шымыр да ширақ. «Құдай куә, сол жылдары маған әлемде Оңбосыннан асқан ғұлама, одан асқан данышпан адам жоқ тәрізді болатын. Кейде бізді жинап алып, «мынау бәленшенің өлеңі, мынау түгеншенің поэмасы» деп құдай-ау, қазақ былай тұрсын, есімі ең болмаса орыс та емес, біреулердің өлеңдерін жатқа айтатын»,-депті. Ерекеннің қапысыз айтып отырғанын шайырлық бірге өскендер жоққа шығара алмайды. Балалар жазушысының берік түйгені – өмір мектебінің сабағы мұғалімнің сабағынан кем емес екен.
Шайыр ауылының қарапайым адамдарының өзі оқыған адамдарды, кісілікті құрметтейтін. «Есейген шағымда алыстағы көкжиектен еміс-еміс көрінетін буалдыр тартқан сағымдай, өткен өмірмен жылыстап артта қалған жылдарға көз жіберіп қарасам әлгі халық айтатын «заманынан бұрын туған» деп сол теңеу Мұқаштарға қарап айтылған болар деген тоқтамнан әрі асып көрген емеспін. Шағын ауылдағы кімнің қалай күнелтіп отырғанын ол бес саусағындай жатқа біледі. Сол кісілер үлкен жерлерден оқып біліп алса, сөзсіз бір жерлерден жарып шығып, бір мемлекетті дөңгелетіп басқарар еді.
...Кімнің баласының киімі жыртық, жұпынылау болып, қайсысының қарыны орталау жүргенін, қайдан кімнен екені белгісіз Мұқаш бастық естіп, біліп отырады».
Кішкентай құлыншақ шақтағы Ерекеннің қиялында дамытқан Мұқаш бейнесі адамның адамгершілігі балдырған жүрегінде де ұмытылмай қалыпты. Ерекен әңгімелерінің басты мазмұны жақсылықтың ізсіз кетпейтіндігі, қайырымды жандарға Құдайдың беретіндігі. Ерекен осы шағын деталь арқылы ауыл басшысының, онымен бірге ауыл адамдарының Отан сүю идеясын қозғайды. Ерекен кейіпкерлерінің бірі – жаңалықтың жаршысы болып, жанымызға өркениеттің сәулесін түсіріп, ұрығын шашқан киношы Күзембай. Жазушыға ауыл адамдарының бәрі қымбат.
Енді біз балалар жазушысы Ерекен Қорабаевты қымбатты қаламгер санатында дәріптеуіміз керек. Менің байқауымда, Ерекен шығармаларында тақырыптың тарлығы – бос әңгіме. «Мынаны неге жазбаған, ананы неге жазбаған» деп Ерекенді жазғырудың жөні жоқ. Әңгіме – не жазғанында емес, жақсы жаза білуінде, туындының көркемдік сапасында. Қорыта айтқанда, балалар қаламгері Ерекен Қорабаевтың шығармаларында орынсыз қайталаулар мен мағынасыз бос дүниелер мүлдем кездеспейді. Қазақстан жазушыларының қатарына батыл енген Ерекен ініме шүйгін шығармаларың көбейе берсін деп тілектестік білдіремін.
Бірғали БАЙЕКЕҰЛЫ Қазақстан Журналистер және Суретшілер одақтарының мүшесі