Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс орталығындағы «Каспий» спорт кешенінде волейболдан ерлер арасында ҚР чемпионатының жоғары лигасы жалауын желбіретті. Чемпионаттың 25-ші маусымашары ел Тәуелсіздігінің мерейтойымен тұспа-тұс келді. Жалпы спорттық додаға еліміздің Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қостанай, Петропавл, Хормтау өңірлерінен жасақталған 7 команда қатысып, бақтарын сынауда. Жарыстың салтанатты ашылуына аймақ басшысы Алик Айдарбаев арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген волейболдан ҚР чемпионаты І-турының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Волейбол-біздің облысымызда да спорттың бірі түрі ретінде дамып, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына ықпал етуде. Жалпы спортпен шұғылдану-деніміздің сау болуының негізгі кепілі. Сондықтан да облысымызда спорттың дамуына барынша жағдай жасалып, жаңа спорт кешендері ашылуда. Біздің алдағы мақсатымыз да, спорттың қай түрінен болмасын жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындыру, — деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Жарыстың салтанатты ашылуынан кейін алғашқы болып алаңға Маңғыстау мен Қостанай облыстарының құрама командасы шықты. Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимылмен шеберлiктi талап ететін жарыста командалар жеңіс тұғырынан көріну үшін барын салды. Тартысты өткен жарыстың қорытындысында есеп 24:21-ді көрсетіп, бұл жолы жеңіс қостанайлықтарға бұйырды.
— Айта кету керек 2015 жылы өткен чемпионаттың қорытындысында маңғыстаулық құрама команда төртінші орыннан көрінген болатын. Биылғы көрсеткіш одан да жоғары болады деп сенемін. Облыста спорттың бұл түрі енді дамып келеді. Сонау 70-ші жылдары волейболдан көрсеткіш жоғары болды. 1981 жылдары Кеңес Одағының кубогында жүлделі үшінші орынды иеленген еді. Жастардың бұл спорт түрімен айналысуға ынтасы бар, алайда волейболға арналған арнайы спорт залдың жоқтығы қолбайлау болып отыр,— дейді ҚР волейбол федерациясы Маңғыстау облысындағы филиалының директоры Владимир Мастихин.
Жарыс 29 қарашаға дейін жалғасады. Волейбол жанкүйерлері жарысты 1 шағынаудандағы «Каспий» спорт кешенінен күндізгі сағат 14:00-ден бастап тамашалай алады.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген талантты Талант ҚҰСАЙЫН