Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Таңғы 8:00-ден басталған жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары және тәттілер сатылымға қойылды. Сондай-ақ спорттық ойындар ойнатылып, балалар өз өнерін көрсету арқылы қаражат жинады.
Шарадан түскен қаражат Маңғыстау облысындағы қарапайым отбасынан шыққан оқуда озат, өнерлі үш баланың EXPO-2017 көрмесіне баруына жолдамаға және «Мейірім өскіні» атты еріктілер қорының кішкентай бүлдіршіндерге жаңа жыл қарсаңында ойыншықтар сатып алуына жұмсалады. Жәрмеңкені ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның өтуіне оқушылардың өтініші себеп болған.
— Мұндай қайырымдылық акция былтыр да ұйымдастырылған болатын. Ол кезде акция бір аптаға созылды. Түскен 230 мың теңгені жинап, көмекке мұқтаж екі адамға бердік. Оның бірі-Ақтау қаласында тұратын Айзере атты кішкентай қыздың, екіншісі-көмекке мұқтаж көкшетаулық бүлдіршіннің еміне жұмсалды. Осындай қайырымдылық акциясының дәстүрлі түрде жалғасын тауып, ата-аналардың және ұстаздарымыздың белсенді қатысқанына бізді қуантады. Мектеп үйірмелеріне қатысатын оқушыларымыз да домбыра, гитара, әртүрлі аспаптарда ойнап, өнерлерін көрсетіп, сол арқылы да қаржы жинап жатыр. Бұған дейін біздің мектептің оқушылары «Мейірім өскіні» атты еріктілер тобын құрды. Бұл топ көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берумен айналысады. Топ мүшелері де жәрмеңке ұйымдастыруға бастама көтерген болатын. Сондықтан да бұл шара біздің мектептің жоспары сай және «Мейірім өскіні» атты еріктілер тобының бірігуімен өткізіліп отыр,-дейді Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектеп интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Мектеп дәлізінің бір бөлігінде қолөнер бұйымдарынан жәрмеңке өтті, екінші бөлігінде тәттілер сатылымға қойылды. Қолөнер бұйымдарынан жәрмеңкеге келушілер оқушылар мен қосымша білім беру пәні мұғалімдерінің дайындаған сырға, сақина, білезік, әшекейлер, қолдан дайындалған тұрмыстық заттар, естелік сыйлықтар, әртүрлі сурет, мектеп логотипі бейнеленген футболкалар, орамалдарды сатып алып жатты.
— Түске дейін қолөнер бұйымдарының 60%-ы сатылып кетті. Оқушылардың қолынан шыққан бұйымдарға қызығушылық танытқандар көп болды. Әсіресе, қыздардың әшекейлері, мектеп логотипі бейнеленген футболкалар жақсы сатылды,-дейді зияткерлік мектеп қызметкері Айгүл Мұратбекқызы.
Оқушылардың ата-аналары және мектеп интернаты жанындағы «Аспаздық академиясы» үйірмесінің қатысушылары дайындаған түрлі тағамдар да көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақ, татар, украин ұлтының ұлттық тағамдарын ата-аналар, мектеп қонақтары, оқушылары, мұғалімдер сатып алып, жәрмеңкеге өз үлестерін қосты.
— Мен бүгін жәрмеңкеден дәмді коржды 100 теңгеге сатып алдым. Дәмі тіл үйіреді. Бұл жәрмеңкенің бізге де, өзгелерге де пайдасы бар. Тәттіні сатып алу арқылы EXPO-2017 көрмесіне қатысқысы келетін қарапайым отбасынан шыққан талантты, талапты балаларға көмектесуге үлес қосқаныма қуаныштымын,-дейді 9-сынып оқушысы Бекзат Орынбасар.
Тәттілер жәрмеңкесінен бөлек мектеп психологтары психологиялық терапия өткізді. Ал аспаптар үйірмесінің оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, жәрмеңкеге келушілердің көңілін көтеріп, қаражат жинауға үлес қосты.
Қайырымдылық шара соңы активити ойындарға ұласты. Балалар армрестлинг, дартс, боулинг, «әуенді тап», «Допты стақанға түсір», «Кітапты мұқабасынан таны» сынды ойындар ойнады. Қайырымдылық шарасынан түскен 405 мың теңге қарапайым отбасынан шыққан оқуда озат, өнерлі үш баланың EXPO-2017 көрмесіне баруына жолдама алу үшін және «Мейірім өскіні» атты еріктілер қорының кішкентай бүлдіршіндерге жаңа жыл қарсаңында ойыншықтар сатып алуына жұмсалатын болады.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН