Астанадан арнайы келген ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, аймақ басшысы Алик Айдарбаев мұнайшылар қаласы Жаңаөзенге барып, «Жаңаөзенге-жаңа серпін» бағдарламасын қорытындылап, атқарылған істерді саралады. Аталған шара аясында бір ай бойы Жаңаөзен қаласы және оған жақын орналасқан елді-мекендердің азаматтарына кәсіпкерлік бағытында мемлекеттік қолдаулардың қыр-сыры түсіндіріліп, білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, арнайы оқыту курстары ұйымдастырылған болатын.
— Тек ғана «Жаңа серпін» бағдарламасы емес, жалпы кәсіпкерлікті дамытуға арналған шаралардың жүзеге асуына белсенді атсалысып жүрген өңір басшысы Алик Серікұлына алғысымды білдіргім келеді. Еліміз бойынша кәсіпкерлерге бірден-бір үлгілі қызмет көрсететін орталық осы Маңғыстау облысында орналасқан. Ақтау қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталыққа арнайы ғимарат беріп, жағдай жасаған облыс басшысына ризашылығымызды білдіреміз. Расында да «Жаңаөзенге-жаңа серпін» бағдарламасын қолға алған кезімізде іштей қобалжу болды. Жергілікті халық қалай қабылдар екен? Атсалысып, жобамызды қолдай ма? деген сан сауалдың болғаны рас. Бір айдан кейінгі нәтиже қорытындысында халықтың жобаға қолдау көрсеткенін, мұндай бағдарламаның жаңаөзендіктерге қажет екендігін, кәсіпкерлікті дамытуға мұнайшылар қаласында жағдай жасалғанын көрдік. Енді арнайы білімдерін шыңдап, біліктіліктерін арттырған тұрғындар жеке кәсіп ашып, облыста кәсіпкерліктің дамуына үлес қосатын болады. Жалпы еліміз бойынша алғаш рет Мұнайлы ауданында «Бастау» мектебі ашылған болатын. Жемісті еңбек еткен мұндай мектеп 2018 жылы еліміздің 94 аудан орталығында жұмысын бастайды, — деді жиында сөз алған ҚР «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
Жиында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік даму департаментінің атқарушы директоры Дінмұхаммед Әбсаттаров «Жаңаөзенге-жаңа серпін» бағдарламасы бойынша жасалған жұмыстарға тоқталып, баяндама жасады. Ақпараттық-әдістемелік қолдау іс-шаралар аясында бизнес-ортаны жақсарту және дамыту жөніндегі «Жаңаөзенге-жаңа серпін» бағдарламасы бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылған. Аталмыш бағдарлама аясында 700-ден астам жаңаөзендік тұрғын кәсіпкерлікті ашу, мемлекеттік бағдарламалар, әкімшілік кедергілер мен жер мәселесі, бизнес жоспарды жасақтау, бизнесті жүргізуде инфрақұрылымның қолжетімділігі, жұмыспен қамту жөнінде кәсіптік-техникалық оқу, қайта даярлау мәселелері бағытында білікті мамандардан жан-жақты кеңес алған. Сонымен қатар, екі бизнес мектебі іске қосылған. «Bastau бизнес» жобасын іске қосу бойынша өзін-өзі қамтыған және ісін жаңа бастаған жұмыссыз тұлғаларға кәсіпкерлік белсенділігін арттыру барысы оқытылған. Арнайы консультациялық орталық ұйымдастырылып осы арқылы бастаушы және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге барлық шаралар бойынша қаржылық қолдау көрсетілген. Одан бөлек, «Bastau кәсіп» жобасы жұмыссыздарды оқытқан, оның ішінде жастарға басымдылық берілген. Одан бөлек Жаңаөзен қалалық жастар орталығында «Жәрменке» форматындағы жиын ұйымдастырылып, білім департаменті жоғарғы оқу орындарының және ҚР қорғаныс министрлігінің таныстырылымы өткен. Ақпараттық түсіндіру шарасына 850-ге жуық жоғарғы сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысқан. Оларға жоғарғы оқу орындарына қалай түсу керектігі, жеңілдіктердің қарастырылу мәселесі бойынша толыққанды мәлімет берілген. Қорғаныс министірлігінің өкілі интернатқа, кадет бөліміне өзге де әскери оқу орындарына түсудің шарттарын түсіндірген.
— Сондай-ақ елімізге танымал белгілі ақын, публицист әлеуметтік желілерде 336 мың оқырманы бар Қалқаман Сарин «Жаңаөзенге-жаңа серпін» жобасын толық қанды жеткізу мақсатында арнайы шақыртылды. Ол өз кезегінде шаһарда еркін форматта шығармашылық кешін ұйымдастырды. Сонымен қатар Қ.Сарин «Атамекен» пікір талас клубының кезекті отырысын өткізді. Отырысқа арқау болған негізігі тақырып «МО АӨК дамуының болашағы бар ма?». Жиынға 30-ға жуық сарапшы, шаруа қожалық иелері, жергілікті ауыл шаруашылығы және су ресурстары дамуына жауапты мамандар қатысты. Бизнес-ортаны жақсарту және дамыту жөніндегі «Жаңаөзенге-жаңа серпін» бағдарламасы бойынша шамамен 30-дан аса іс-шаралар өткізілді,-деген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік даму департаментінің атқарушы директор Дінмұхаммед Әбсаттаров мұнайшылар қаласында «Жылыжай өндірісін ұйымдастыру» жобасын таныстырды. Жоба жүзеге асса, жылыжайдан бір отбасыға түсетін таза пайда-11,9 млн.теңгені құрайтынын атап өтті. Сондықтан да «Жаңаөзен сервис және жаңа технологиялар колледжі» базасында ауылшаруашылық бағытындағы жаңа мамандықтарды ашу жөнінде ұсыныс айтты. Алдағы уақытта «Бір терезе» принципі бойынша Жаңаөзен қаласында толыққанды кәсіпкерлерге қызмет көрсету жәнне call-centr қызметін көрсететін орталықтар ашу, «Серпін-2050» жобасының тұрақты қызмет атқаратын штабын жасақтау бағытында да ұсынысын жеткізді.
Сондай-ақ жиында «Жаңаөзенге-жаңа серпін» бағдарламасына қатысқан бірқатар кәсіпкерлер сөз сөйлеп, пікірлерін айтты. Тұрғындардың басым көпшілігі жер мәселесі, әкімшілік кедергілер, құжат рәсімдеуге қатысты шағымдар айтып, мал өнімдерін қабылдайтын орталық ашса деген тілектерін білдірді. Өз сөзінде ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайтынын ескертіп, ауылшаруашылық саласы бойынша өндірілген өнімдерді қабылдайтын орталық ашу мәселесін қарастырылатынын жеткізді.
— Кәсіпкерлердің атынан «Жаңаөзенге-жаңа серпін» бағдарламасын ұйымдастырған азаматтарға алғыс айтамын. Бір ай ішінде біз білімімізді толықтырып, көптеген ақпараттармен таныстық. Кәсіпкерлікті алғаш қолға алған кездерімізде де көптеген кедергілердің болғаны рас. Алайда үкіметтің арқасында, әр түрлі кәсіпкерлерді қолдаған бағдарламалардың нәтижесінде осы күнге жетіп отырмын. Балаларымды осы жұмысымның арқасында оқыттық... Бүгінгі жиында «қандай мәселе болса да, бірлесіп шешеміз, кәсіпкерлерге барлық жағдай жасаймыз» деген сөздеріңіз көңілімізді бір серпілтіп тастады. Жаңа серпіннен алған білімімізді біз енді жұмысымызда қолданып, аймағымызда кәсіпкерліктің кең қанат жаюына үлес қосамыз, — деді қала тұрғыны Тілектес Болатбаева.
Мұнан кейін аймақ басшысы «Өзен Жылу» мемлекеттік коммунальдық кәсіпорнында, «Энергетик» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінде болып, жұмысымен танысты.
— Кіші жылу электр орталығын тәуелсіздіктің 25 жылдығында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Мұның нәтижесінде қаламызда тоқ өндіретін үш трубина іске қосылады. Яғни, «МАЭК» мекемесінен алатын тоқтан босатылып, жылу қазандықтарының өз алдына тоқ өндіретін боламыз. Осылайша, кәсіпорынның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартпақшымыз. Орталықты іске қосу үшін 7 млрд.тан астам қаржы жұмсалды. Кіші жылу электр орталығы толықтай жұмысын бастаған кезде мемлекеттік мекемелерге, қаладағы 245 тұрғын үйге жылу берілетін болады, яғни, жылу жетіспеушілігі толықтай жойылады,-деген «Өзен Жылу» мемлекеттік комунальдық кәсіпорнының басшысы Әділбек Байрамұлы бүгінде кәсіпорнында 375 адам табысты еңбек ететінін айтты.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ