©
Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлысты бауырына басқан, татулығы мен бірлігін ұйытқан, бауырмал ел. Қазақты қара шаңырақ десек, әр ұлттар сол шаңырақты тіреген уықтар іспетті. Әр ұлттың этно-мәдени бірлестіктері бар, теңқұқылы еңбек етіп, өмір сүруде. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Қазақстан Ассамблеясының бастауымен біршама істер атқарылуда. Соның бір айқын дәлелі ретінде, сенбі күні ауданымызға ассмблея мүшелері келіп, түрлі этно-мәдени бірлестіктердің көңілді достық концерті өтті.
№ 1 мектептің акті залына жиналған қауымды құттықтап, мерекелік шараны ауыл әкімінің орынбасары Қ.Гафаров ашты. Бұдан кейін ассамблея қонақтары ортаға шақырылып, әр ұлт өкілдері жиналған қауымды тәуелсіздік мерекесімен құттықтады, өздерінің өзекжарды тілектерін арнады, қазақ жеріне қалай келгені, осындай шаттық бейбіт өмірде бақытты тұрмыс құрып жатқаны үшін қазақ халқына ризашылықтарын арнады. Армян этно-мәдени бірлестігінің өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Айрапет Курдоглян өз сөзінде:
— Менің тарихи Отаным Армения болса да, мен Қазақстандай ғажайып елдің азаматы болғанымды мақтан етемін.Қазақ халқы көптеген ұлт пен ұлысқа пана болды. Бұл елде әр ұлтты халықтың бірлігі жарасып, татулық пен өзара түсіністік орын алған. Бірліктің арқасында еліміз әлемге танылды. Естеріңізде болар, осыдан отыз жылдай бұрын біздің тарихи отанымызда алапат жер сілкінісі болып, небары 30 секундтың ішінде 30 мыңнан астам адамның өмірі қиылды. Зілзала салдарынан бір қала жермен жексен болып, ел басына күн туған шақта ең бірінші болып қол ұшын беріп, қамқорлық жасағандар қатарында Қазақ елі болды. Қазақ елінің көмек поезі, баспанасыздарға берген киіз үйлерінен бір қалашық тұрғызылды десем, артық айтқандық болмас. Бұл оқиға желтоқсан айының ызғарлы аязды кезі болатын. Сол кезде баспанасыз қалып үрейленген, аязда тоңған халықтың жүрегін қазақтың бауырмалдығы жылытып, қара шаңырағы бастарына пана болғандығы жөнінде мен, тарихи отаныма қонаққа барған кезімде көптеген қандастарымның өз аузынан естідім. Олардың риясыз әңгімелерін, қазақ еліне деген құрметтерін естігенде, жүрегімді мақтаныш кернеді. Міне, менің Тәуелсіз Отаным- Қазақ елі, осындай! — деді.
Әр ұлттар өкілінің құттықтау лебіздерінен кейін, Қарақия ауданының әр саласында жемісті қызмет атқарып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген, қазақ елінің азаматы деуге лайық жандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесіне орай марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты марапаттаудан кейін этно-мәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы жалғасып, күміс көмей әншілер мерекелік шараның көрігін одан әрі қыздыра түсті. Концерттік шарадан соң №1 мектептің директоры О.Шәтенов сөз кезегін алып, ассамблея мүшелеріне, өнерпаз топқа алғыс айтты. Мерекелік шара аяқталғасын, мектеп ауласына достық ағашы отырғызылды. Лайым, ассамблея мүшелері отырғызған ағаштар мәуелей өсіп, еліміздің әр ұлттарының достығы нығая бергей!
Шынар КЕНДІН