15 қараша күні Ақтау қаласы әкімшілігінде «Бала дауысы» байқауынан 2-орын алып келген бүлдіршіндермен кездесу өтті. Байқауда Маңғыстау намысын қорғаған «Каспий толқыны» триосы 12-13 жастағы жеткіншек қыздардан құралған. Трио құрамында Шайғұзова Карина, Айварқызы Нұрай, Нұрқуатова Луиза есімді қыздар бар.
Айта кетейік, «Бала дауысы» байқауы – 7-13 жас аралығындағы балалар арасында өтетін ұлттық ән байқауы. Байқау аясында мемлекеттік тілде балалар орындайтын жаңа әндердің тұсауы кесіледі. Бұл – жас сазгерлерді күллі елге танытудың оңтайлы мүмкіндігі.
Осыған орай, мамыр мен қыркүйек аралығында байқау төрешілері күллі Қазақстанды аралап, таланттарды іріктеп әкелген болатын. Әр облысқа қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші тәлімгер ретінде барды. Музыка майталмандарының шешімімен ақтық мәреге 23 бала жолдама алған еді. Оның ішінде 3 трио, 1 дуэт, 12 жеке орындаушы 12-13 қарашада ақтық сынға түсіп, жүлделі орындар алды. Биыл елімізде «Бала дауысы» алғаш рет өтті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған теңдесіз жобаны «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырды. Сондай-ақ Тұңғыш Президент қоры да қолдау көрсетті.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН