«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының консультациялық орталығы екінші жұмыс аптасын сәтті аяқтады. Қаламызда бір ай көлемінде кәсіпкерлік бойынша кеңес беруді жоспарлаған жұмыс тобы тағы 260-қа жуық тұрғынды қабылдап, өз көмектерін көрсетті.
«Жаңаөзенге – жаңа серпін» бағдарламасы аясындағы жұмыстар кәсіпке ұмтылған жаңаөзендіктерге шын мәнінде серпіліс беріп жатқандай. Күніге 40-60, тіпті кей күндері 70-тен аса адам орталыққа келіп, кеңес алуда. Бірі жаңадан жұмыс көзін ашуды жоспарласа, енді бірі кәсібін дамыту жолдарын қарастыруда. Құқықтық мүмкіндіктерін білу, бизнес-жоспар құру жұмыстарымен келетіндер де көп. Енді бірінің мәселесі тіптен бөлек. Қаржының тапшылығы қолға алған ісіне қолбайлау болып отырғандар мемлекеттік қолдауға, төмен пайызбен несие алуға ниетті. Айта берсең көп-ақ. Барлығының мақсаты білікті мамандармен ақылдасып, өзіне, қаласына, еліне пайдалы іс ашу, оны жүргізу.
- Зейнетке шыққаныма 1 жылдай уақыт болды. Өмір бойы еңбектенген пендеге қол қусырып үйде отырған қиын екен. Жалпы, мал шаруашылығымен айналыссам, соның ішінде ешкі малын көбейтсем деген ойымда болған. Қаламызға кәсіпкерлікке қолдау білдірушілер келіпті дегенді естіп, осы істі бастасам қалай болады деп кеңесуге келдім. Ешкінің еті жеңіл, сүтінің, майының емдік қасиеті мол ғой. Тамақ, асқазаны ауыратын жандарға ешкі сүті өте пайдалы, - дейді консультациялық орталықта жолыққан Жақып Әділов. Сонымен, бұл жұмыс аптасында бизнес-жоспар құруға жылыжай шаруашалығы, құрғақ құрылыс қоспаларына арналған қондырғыны, шикізат, стоматологиялық орталыққа қажетті құрылғыларды сатып алу, балабақша, құс фабрикасын, көлік жуу орталығын ашу, құдық қазу, жолаушыларды тасымалдау, арнаулы техникамен қызмет көрсету, жарнамалық орталық, өсімдік, мал шарушалығы идеялары бойынша сұраным түскен. Қазіргі күні бұл мәселемен көмекке сүйенген 31 адамның бизнес-жоспары жасалу барысында, ал 27 келушінің толық мәліметтері болмағандықтан бизнес-жоспары әлі құрылмаған.
Бизнеске бейімдейтін «Бастау» оқыту бағдарламасына жазылу алғашқы жұмыс күнінен жүргізіліп, 31-ші қазан күні сабақ басталды. Әзірге 75 тыңдарман қатысуда. Бизнес-жаттықтырушылар кешігіп келушілерді қабылдауға қарсы емес. Сабақ аптасына 5 күн, түске дейін лекция мен теория жұмыстары, түстен кейін жеке сұрақтар бойынша бір ай бойы жүргізілмек. Бизнес мектепте кәсіп ашуға, мемлекет тарапынан қолдауға ие болуға, бағдарламалар туралы ақпарат алуға, бизнес-жоспар құруға үйретеді, халықаралық дәрежедегі оқытушылардан дәріс алу мен 15 000 000 теңгеге дейінгі несие иеленуге мүмкіндік туғызады. Қатысушыларға сертификат беріледі.
Жазира Ақбергенова