Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтау қаласында медицина мекемелері арасында «Бірінші байлық-денсаулық» ұранымен «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойыны өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өткен жайдарман ойындарына барлығы сегіз команда қатысып, бақтарын сынады.
Сайысқа «Мейірбике» медициналық колледжінің «Мейірбике жастары», облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының «120/80», облыстық ЖИТС орталығының «Т-Хелпер», Жаңаөзен қалалық №1 емханасының «Достар», облыстық наркологиялық диспансерінің «Note bene», облыстық психоневрологиялық диспансерінің «Сезім», Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының «Жедел жәрдем», Ақтау қалалық №1 емханасының «Мед Экспресс» командалары қатысты.
-Бұл жолы да жайдарман ойындарына үлкен дайындықпен келдік. Шара тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып отырғандықтан 25 жастағы бес қызымыз бүгінгі сайысқа арнайы тігілген ұлттық киімдерімен өнерлерін көрсететін болады. Елімізде алдағы жылы өтетін үлкен шара-ЭКСПО-2017 көрмесіне арнап, экологиялық таза өнімнен дайындалған сән көрсетілімін де дайындадық. Денсаулықты сақтау тақырыбында да, қарт Каспийіміздің символы-аққуларымыз жайында да сөз қозғайтын боламыз. Бұл сайысқа да біздің мекеменің қызметкерлері тыңғылықты дайындықпен келді. Дайындыққа екі аптадай уақыт кетті. Әрине, жүлделі орындардан үміттіміз,-дейді облыстық психоневрологиялық диспансерінің бас дәрігері Жеміс Сакуқызы.
Жайдарманшылардың өнерін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанетта Керімбаева, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, Қазақстан КВН одағы РЖҚБ МОФ редакторы Нұрбол Сағидуллин, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкері Ерлан Бердіғұлов, МО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны Камиль Будайчиев бағалады. Кеште командалар қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әзілмен түйреді. Әзіл-шыны аралас тақырыптар арасында көбінесе кеш отбасын құру, таныс арқылы диплом сатып алған жас дәрігердің әрекеті, жаман әдеттен арыла алмай жүрген жастардың проблемасы әзіл арқылы көрсетіліп, еліміздегі жаңашылдық-міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді жақтары айтылды.
-Бүгін медицина мекемелерінің «Жайдарман» мерекесі. Жайдарман арқылы тұрғындарға денсаулық сақтауға септігін тигізіп отырған профилактикалық шаралардың бірі деп қабылдаңыздар. Құрметті жарысқа қатысушылар, Сіздер бүгін тағы да дәрігерлердің тек қана емдеу мекемелерінде дәрімен, инекциямен емес, олар өздерінің өнерлерімен де халықтың денсаулығына шипасын дарытатынын көрсеттіңіздер. Бүгін өнерлеріңізбен, әзілдеріңізбен қаншама адамның көңілін серпілтіп, жүздеріне күлкі сыйладыңыздар. Бұл-тек денсаулыққа қана емес, еліміздің Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық үлкен тойына арнаған тартуларыңыз. Асқақ армандарыңыз, ұшқыр қиялдарыңызбен өнердің өрінен, бақыттың шыңынан самғай берсін. Еткен еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Барлығыңызға да үлкен жеңіс тілеймін,-деді шарада сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр.
Ұтымды қалжың, өткір әзілмен ерекшеленген облыстық наркологиялық диспансерінің «Note bene» командасы жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлап, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сондай-ақ, дәл осы команданың мүшесі, 47 жастағы Мұстафа Каракулов «Үздік ойыншы» аталымымен марапатталды.
-Жалпы жайдарманның негізгі мақсаты-қоғамымызда болып жатқан көптеген оқиғаларды сын арқылы, оның ішінде әзіл-күлкі арқылы жеткізу болғандықтан жақсы әзіл айтып, көрермен көңілінен шығуға тырыстық. Дайындыққа 3 күн уақытымыз кетті, сценарийді өзіміз жазып шықтық. Сәтті ойын көрсетіп, әріптестеріміздің арасынан дараланып, бірінші ойынды иеленгенімізге өте қуаныштымыз. Медицина қызметкерлерінің арасында алғаш рет ұйымдастырылған жайдарман ойындарында екінші орынды алған болатынбыз. Сондықтан да бұл жолы бас жүлдені иеленіп, кубокті алуды мақсат тұттық. Сол үдеден шыға білгеніміз үшін өте қуаныштымыз. Қолдау көрсеткен көрерменге, әділ баға берген қазылар алқасына, сайысты ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз,-дейді нарколог-дәрігер, «Note bene» командасының жетекшісі Қорлан Елеуова.
Екінші орынға облыстық психоневрологиялық диспансерінің «Сезім» командасы мен Ақтау қалалық №1 емханасының «Мед Экспресс» командасы лайық деп танылды. Үшінші орыннан Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының «Жедел жәрдем» командасы көрінді. Сайысқа қатысқан командаларға сыйлықтар табысталды.
-Жайдарманға қатысқан барлық командаларға ризашылығымды білдіремін. Осы ойының жақсы өтуіне атсалысып, тік тұрып қызмет еткен әрі сахнада өнерлерін көрсеткен өзіміздің орталықтың жігіттері мен қыздарына ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл-медицина қызметкерлерінің арасында өткізіліп отырған екінші жайдарман ойындары. Енді республикада өтетін жайдарман ойындарына біздің медицина қызметкерлерінің арасынан бір команда жасақтап, қатыстыруға әбден болады деп ойлаймын,-дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры Нұрсұлу Мұхамедиярова.
Венера МИРЛАН