Аудан әкімідігінің мәжіліс залында үшінші сайланған Мұнайлы аудандық мәслихатының кезектен тыс төртінші сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев, орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, әкімдіктің аппарат, бөлім басшылары, ұйымдар мен мекеме басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырысты ашып, оның төрағалығының тізгінін ұстаған Бекбол Қазақбаев сессия жұмысын ашық деп жариялап, хатшылық құрамына №1 сайлау округінен сайланған депутат Айларбек Шыршықбаев пен №11 сайлау округінен сайланған депутат Жүсіп Нөкеровтың кандидатураларын ұсынды.
Отырыстың күн тәртібі бірнеше мәселені қамтыды. Атап айтқанда, бірінші мәселе – аудандық мәслихаттың 2015 жылғы 23 желтоқсандағы №40/439 «2016-2018 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; екінші мәселе – аудандық мәслихаттың 2014 жылғы 11 сәуірдегі №20/224 «Мұнайлы аудандық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы; үшінші мәселе – Мұнайлы аудандық мәслихатының кейбір шешімдерін жою туралы; төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы мәселелер – Мұнайлы ауданының әкімшілік аумағындағы Басқұдық, Атамекен ауылдық округтері мен Маңғыстау ауылы бойынша бағалық аймақтарға бөлу шекаралары, жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкасына түзету коэффиценттері және салық салу мақсатында аймақтарға бөлу схемасы, жер салығының базалық ставкаларына түзету коэффиценттері мен бильярд ойындары үшін жиынтық салық мөлшерлемесін белгілеу туралы; он бірінші мәселе – аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 20 сәуірдегі №2/17 «Мұнайлы аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы; он екінші мәселе – Мұнайлы аудандық мәслихатының 2015 жылғы 3 шілдедегі №33/347 «Мұнайлы ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; он үшінші мәселе – аудандық мәслихаттың бесінші сессиясының төрағасын сайлау туралы мәселелер қаралып, бесінші сессияның төрағалығына №6 сайлау округінен депутат Жұмабаев Есман Төлепбергенұлының кандидатурасы ұсынылды.
Сессияға енгізілген мәселелердің барлығы қаралып, депутаттар тарапынан ешқандай ескертпе, ұсыныстар болған жоқ. Аудан басшысы Нұрлан Тәжібаев ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып:
─ Өздеріңіз білесіздер, биыл Батыр ауылының электрлендіру жұмыстары, екі кезеңмен газдандыру жұмыстары аяқталған болатын. Оның шарасына да өздеріңіз қатыстыңыздар. Маңғыстау-1 тұрғын массивін ауыз сумен жабдықтау жұмыстарын аяқтап, іске қостық. Мұнайлы ауданының Атамекен ауылындағы 5 тұрғын массивтің электрлендіру жұмыстарын қолға алып, қазіргі таңда жарық шамдар орнатылып, тоқтың жүйелері бір қалыпқа қойылды. Ал, биылғы жылы Мұнайлы ауданында жаңадан салынған үйлердің инженерлік желілерін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Арналған учаскелерде қазіргі таңда 4 қабаттық, 24 пәтерлік 12 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл енді несиелік үйлер болып есептеледі. Келесі жылы өтпелі кезеңмен іске қосылып, кілттерін ұсынатын боламыз, - деді. Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары Берік Біләлов Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында Мұнайлы ауданының Құрметті азаматы атағына ұсынылатын бес азаматтың нақтырағы, Тергеу Айдархановтың, Қайролла Ережеповтың, Қуантқан Боранбаевтың, Бошалақ Жоламанның, Тұрсын Дощанованың есімдерін атады.
Әсел ТАҢАТАРОВА