Дәл осындай тақырыпта Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай старт-марафон өтті. «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен және Ақтау қалалық спорт бөлімінің қолдауымен өткізілген шараға Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенттері мен қала жастары қатысты.
- Старт-марафонды өткізудегі басты мақсат - салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортпен тұрақты шұғылдануға баулу. Сонымен қатар, қарт Каспийімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, ластануына жол бермеу. Сондықтан да алдағы уақытта дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай кең көлемде старт-марафон өткізу жоспарлап отырмыз,-дейді «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалының бірінші хатшысы Роза Махамбетова.
Старт-марафонға қатысушылар жеңіл атлетика бойынша жүгіруден сынға түсті. 2000 шақырым қашықтыққа жүгірген ерлер арасында Р. Чинжирбеков, О. Арагельдиев, Н. Қожаберген жеңімпаз атанып, ұйымдастырушылар атынан сыйлықтарға ие болды. 1000 шақырым қашықтыққа жүгірген әйелдер арасыннан О. Белоборадова, А. Салтова, Л. Аманова үздік танылды.
Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН