Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесімен қоса, Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толып отыр. Осыған орай Астана қаласындағы «Редиссон» қонақүйінде «Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және Қазақстан тарихшылар қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен айтулы шараға еліміздің және шетелдік танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жас зерттеушілер, желтоқсаншылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Елордада өткен алқалы жиынға облысымыздың желтоқсаншылары мен «Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысып қайтты. Маңғыстаулық топ көрнекті ғалымдардың баяндамаларын тыңдап, шетелдік сарапшылармен сұхбаттасты.
Алғашында Тәуелсіздік сарайында өтеді деп жоспарланған конференция «Редиссон» қонақ үйінде өтті. Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған кең ауқымды жиынның мақсаты – тарихи оқиғаның шынайы мәні мен шындығын ғылыми-теориялық деңгейде ашу, оның Қазақстанның Тәуелсіздігі үшін күрестегі орнын анықтау, халықаралық маңызын бағалау. Халқының көшбасшысын өздері таңдауға ұмтылған қазақ жастарын мұзға итеріп, суға салған, рухтарын аяусыздықпен жаншыған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына жан-жақты зерттеулер жасауға шетелдік ғалымдар мен сарапшылар шақырылды. Халықаралық деңгейде елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған конференция мінбесінде Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, ҚР Елтаңбасының авторы, сәулет профессоры Жандарбек Мәлікұлы, ҚР Парламентінің депутаттары Сәрсенбай Еңсегенов, Нұртай Сабильянов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, халықаралық түрік-славян академиясының президенті Досмұхамет Нұр-Ахмет, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, тарих ғылымдарының докторы Аманжол Күзембайұлы сынды елімізге белгілі қайраткерлермен қоса, Ресей, Әзірбайжан, Венгрия, Польша, Моңғолия, Украина, Қырғызстан мен Түркия мемлекеттерінің көрнекті ғалымдары сөз алып, Желтоқсан оқиғасы туралы мәліметтерді сарапқа салды.
- 1986 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстанда көтеріліс болып жатыр деп естідім. Мен онда институтта қызмет ететінмін. Студенттерді түгендеп, орнында болмағандарды оқудан шығару керек деген шешім шығарылды. Көптеген оқытушылар өз студенттерін ұстап қалуға тырысты. Бірақ, мен шәкірттерімді ұстамадым. Оларға «Барыңдар, азаматтық парыздарыңды орындаңдар» дедім. Меніңше, Желтоқсан көтерілісі өзінің анық бағасын әлі ала алмай жүр. Оған себеп – биліктің көзқарасы дұрыс емес. Бостандықты – бағалай алмасаң, жоғалтып алуың мүмкін. Оны көздің қарашығындай сақтай біліп, ол үшін әрқашан күресу керек, - дейді Қырғыз Республикасы Парламентінің бұрынғы спикері, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Құрманов.
Халықаралық түрік-славян академиясының президенті Досмұхамет Нұр-Ахмет те «Желтоқсан көтерілісі әлі де өз бағасын ала алмай келеді» деген пікірде.
- Толқу, оқиға, дүмпу әлде төңкеріс пе? Меніңше, Желтоқсанның әділ бағасын беретін уақыт келді. Күні бүгінге дейін тек оқиға деп айтылып жүр. Ғылыми терең қорытындыларды сараптап, дұрыс атауын беру керек. 30 жыл өтті, бірақ, Желтоқсан өз мәртебесін әлі алған жоқ. Саяси атымен жаппай ереуіл деп те айтады, ал, бұл іс жүзінде билікке деген алғашқы қарсылық, бағынбаушылық болды. Жаппай ереуілдер мен ашық қарсылықтар тарихта көтеріліс деп аталады. Желтоқсан көтерілісі тек қазақтардың ғана емес, өзін Қазақстанның бөлшегі санайтын барлық халықтардың бас көтеруі деп санаймын, - дейді Д.Нұр-Ахмет.
- Қазақ жастары туған халқына теңдік сұрап алаңға шықты. Бұл – Алаш қозғалысының заңды жалғасы дер едім. Өкінішке орай, ел болашағы үшін, азаттық жолында орын алған Желтоқсан қазақ қоғамы тарапынан өз бағасын алса да, саяси тұрғыдан нақты мәртебесін алған жоқ, - дейді Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы М.Қойгелді.
1986 жылдың 16-18 желтоқсан күндері бейбіт шерумен алаңда жүрегін ұстап Әнұранды шырқап, Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитеті Пленумының елімізді көп жылдар басқарған Дінмұхаммед Қонаевты орнынан алып тастау туралы шешіміне қарсы шыққан 40 мыңдай қазақ жастарының арасында Нұртай Сабильянов та болды. Бүгінгі танымал саясаткер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ол кезде небәрі 24 жастағы Алматы халық шаруашылығы институтының 3 курс студенті болатын.
- Қыстың алғашқы айының ызғарынан қорықпай, биліктің шешіміне қарсы шықтық. Бірақ, бейбіт шеруіміз үлкен қақтығысқа айналды. 17 желтоқсан күні алаңда «Менің Қазақстаным» деп ән шырқадық. Патриоттық ән намысымызды жаншыды. Милиция бізді қуу үшін түрлі құралдар қолданды. Арнайы жасақтың күші де қазақ жастарының рухын түсіре алған жоқ. Мен де жастардың алдына шығып, «Біз алаңнан кетпейміз, өз намысымызды таптатпаймыз. Күресімізді жалғастыра береміз» дедім. Ал, 18 желтоқсан күні алаңға тағы жиналып, «Қаратаудың басынан көш келеді» әнін шырқадық. Сондағы мақсатымыз- қазақтың намысын қорғау, бостандығын сақтау, елімізді басқаратын лайықты азаматтардың бар екендігін көз жеткізу болды, - дейді Н.Сабильянов.
Алаңда жалындап сөз сөйлеп, құқық қорғаушылардың қаһарынан қорықпай алаңда белсенді болған жас Нұртай кейін ұсталып, көп айлар сергелдеңге түседі. Саясаткер «1986 жылы жастар қазақты әлемге танытты. Тоталитарлық жүйеге қарсы шыққан олар Кеңестер Одағындағы демократияның алғашқы қарлығаштары болды» дейді. Әділдік іздеген сол мыңдаған өрімдей жастардың бірі – маңғыстаулық Григор Әбубәкіров. Қазақ политехникалық институтының студенті Қазақстанға бірінші басшы болып Колбиннің тағайындалғанын теледидардан көрген. Жаңалық жанын ауыртып Григор да бойын намыс пен ыза билеген көптеген қазақ жігіттері мен қыздарының соңынан ереді.
- Сол кештері күн ерекше салқын әрі қап-қараңғы болды. Бір топ Абай даңғылымен алаңға бет алдық. Бір кезде алдымыздан милицияның «Жигули» көлігі көрініп, ішінен «Кейін қайтыңдар!» деп айқайлады. Сосын «Паз» автобусы мен жүк көлігі шыға келіп, ішінен қолдарына үшкір темір ұстаған бірнеше адам секіріп түсті. Күн аяз, жер тайғақ. Басымыз ауған жаққа қаша жөнелдік. Аяғым тайып құлап түстім де, соққының астында қалдым. Белгісіз қазақ милициясы келмегенде, тепкілеп өлтіріп тастар еді. Содан қамаудағы күндер басталды. Жан-жағымның бәрі таяқ жеп, басы жарылып, көзі шыққан қазақтың жігіттері мен қыздары. Ол күндерді еске алсам, жаным ауырады, -дейді Г.Әбубәкіров.
Маңғыстаулық белгілі дәрігер Сүлеймен Бердәулетов те 250 делегат шақырылған халықаралық конференцияға қатысты. Гиппократ антына адал болған жас дәрігер оқиға кезінде жараланған жастардың жарасын таңып, ем жасаған. Медициналық көмек жасау арқылы намысты замандастарымен бірге болыпты. Әрине, сол үшін ол да ұзақ уақыт қуғынға ұшыраған.
Конференция жоғары деңгейде өтті. Баяндамашылар өз пікірлері мен ғылыми тұжырымдамаларын ашық айтты. Алматыда болған Желтоқсан көтерілісі бүкіл қазақтың толқуы дер едім. Бұл жайдан жай орын алған оқиға емес. Қазақ жастары тектілік пен өркеуделіктің, ар мен намыстың үлгісін көрсетті. Жылдар бойы халқымыздың қанында қызған ашу-ыза 1986 жылы жанартаудай атылып, сыртқа шықты,-дейді С.Бердәулетов.
- Бүгінгі күн – Желтоқсанның бет-пердесі ашылған күн. Арманымыз – көтерілістің тарихи маңызының айқындалып, мәртебесін алуы. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында өткен шараға қатысқан халықаралық сарапшылардың тұжырымдамалары Желтоқсан көтерілісінің мән-мағынасын ашып бергендей, - дейді маңғыстаулық А.Айтжанова.
Осыдан 30 жыл бұрын орын алған оқиға ел басшылығының ауыстырылуына деген қарсылықтан басталған болатын. Небәрі 18 минутқа созылған пленумдағы бұл әрекет саяси қателік әрі қазақтың намысын таптау болды. Қызыл империяға қарсы шыққан 40 мың қазақтың ұл-қызын билік аяған жоқ. Ызғарлы желтоқсанда 168 адам көз жұмып, 2 мыңнан астамы тұтқынға түсті. Жүздеген жас сотталып кетсе, Қайрат Рысқұлбеков пен Ербол Сыпатаев ату жазасына кесілді. Отыз жыл уақыт өтсе де, Желтоқсан жарасы әлі жазылған жоқ. Жадымызда жаңғырып, жанымызды жылатып тұр. Сол қасіретті күндерді қуанышпен алмастырып халқымыз талай жылдар арман еткен Тәуелсіздікке қол жеткізді. Бабалардың қанымен, аналардың жасымен, жастардың жігерімен келген бақты еншілеген еліміз жеткен бүгінде әлем таныған Қазақстанға айналды.
- Мен қазақ жеріне келгеніме аса қуаныштымын! Моңғолия мен Қазақстан көрші, көші қоны мен әдет-ғұрпы ұқсас елдер. 25 жылдың ішінде Қазақстан әлемде өзінің лайықты орнын алып үлгерді. Желтоқсанда жанын аямай, сол кездегі билікке қарсы шыққан қазақ жастарының ерлігі ешқашан ұмытылмас. Олар өздерінің намысын қорғай отырып, ұлттық армандары үшін күресті, - дейді Моңғолия Халық Республикасының бұрынғы Әділет министрі, мемлекеттік және қоғамдық қайраткері Ц.Логийн.
- Қазақ жастары шындық үшін күресті. Олар биліктен алыс бола тұрып, қоғамдық сана мен адамгершіліктің жоғары көрінісін көрсетті. Олар шынайы өмір сүруге тырысты. Көтеріліс талқандалды, бірақ, олар тарих сахнасыда мәңгілікке қалды, - дейді Украинадан келген профессор, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты П.Токарь.
Конференцияға Әзірбайжан елінен әдейі келгендердің бірі – Баку мемлекеттік университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі Рамиз Аскер. Филология ғылымдарының докторы, профессор қазаққа жат жан емес. Ақын Қасым Аманжолов өлеңдері мен «ҚызЖібекті» әзірбайжан тіліне аударған. «30 жыл аз уақыт емес. Бірақ, ел болашағы үшін болған оқиға әлі де өз мәртебесін алмаған. Шындық салтанат құратын күн жетті деп ойлаймын. Ал, бүгінгі Қазақстан түркі әлемінің жұлдызына айналды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құтты болып, алға қарыштап қадам баса бергей!», - дейді Рамиз Аскер.
- Жиынға 250 жан шақырылған болатын, бірақ, олардың 170-сі шараға қатысты. Әсіресе, оған қатысушылар сапалық құрамы өте жоғары, - дейді «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсендісі Ж. Жақыпов.
Тоңдырды мені,
Тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы...
1986 жылғы желтоқсан салған жара әлі де жазылған жоқ. Бірақ, әлемнің алып мемлекеттерінің алдыңғы қатарынан көрінуге тырысып, экономикасы қызу қарқынмен дамыған бүгінгі Қазақстанның келбеті көңіл қуантады. Желтоқсан қарлығаштарының қанатымен келген Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай.
Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған жиын жоғары деңгейде болып өтті. 5 адамнан құралған маңғыстаулық делегация үлкен әсермен оралды. Желтоқсан көтерілісінің куәгерлері мен «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің өкілдері 2 күн бойы еліміздің танымал ғалымдары, мемлекеттік қайраткерлер мен шетелдік сарапшылармен пікір алмасып, терең сұхбаттасты.
Дереккөз: ҚазАқпарат