©
26 қазан күні Ақкетікке «Экспедиция-25» атты жобаға қатысушылар келді. Бұл «Хабар» агенттігі, Қазақ географиялық қоғамы және «Арша Медиа» студиясы бірлесіп, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған жаңа реалити шоу болатын. Бұндағы мақсат – еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және ұлт тарихындағы көрнекті тұлға, «Алаш» ұлт азаттық қозғалысының негізін қалаушы, қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш географ Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын көпшілікке насихаттау. Қазақ география қауымдастығының бұл жобасы 108 күнге созылады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның барлық аймағында болып, тарихи, мәдени орындарды аралап, тың деректер дайындалады. Шараның 108 күнге созылуында Қазақ география қоғамы үшін ерекше мәні бар. Өйткені бұған дейінгі сапарларда олар оңтүстік полюске 108 сағатта жетіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Астана күні – 6 шілдеде бастау алған экспедиция Тойота Ланд Крузер маркалы 5 машинамен жолға шықты. Алғашқы ат басын тіреген жері – атақты Мәди ақын жырға қосқан Қарқаралы өңірі еді. Содан бері олар Қазақстанның оңтүстігін, шығысы мен солтүстігін, орталығын аралап өтіп, ендігі кезек батысқа келіпті.
- Кез-келген оқушы Нью Иорк пен Париждің қайда екенін біледі. Алайда, мына Ақкетікті, анау Арал қаласын, немесе атақты Алакөлдің қайда екенін көбі білмейді. Біз жолы қиын жерлермен жүріп өтіп, сондай жерлерде болып, кино-фото түсіріп, телехабарлар әзірлеп келеміз. Артынан олар телеэфир арқылы халыққа көрсетіледі. Сондай-ақ жүрген жерлерімізде оқушылармен, жастармен кездесулер ұйымдастырудамыз. Оларға тек өзіміз, экспедициямыз туралы ғана емес, туған жеріміз, ғажайып сұлу өңірлеріміз туралы да қызықты етіп әңгімелеп, көп мағлұмат беріп келеміз. Біз оларға өзіміздің еліміздің ғажайып сұлулығын, ұлылығын, байтақтығын, байлығын түсіндіріп, жүректерінде елімізге деген махаббат, сүйіспеншілік дәнін отырғызғымыз келеді, - дейді саяхатшылар тобының жетекшісі, «Арша» медиастудиасының басшысы Әділет Есекеев.
«Сүю үшін көруге келдік!» деген девизбен жолға шыққан саяхатшылар небір қиындықты көріпті. Мибатпаққа батқаны аз болғандай дөңгелектері жарылып соры қайнаған, ондаған шақырым дала жолын ала шаңдатып, аптап ыстық пен тымырсыққа тұншығып өткен күндер болыпты. Сонда да жігіттер мен қыздардың көбінің тауы шағылмапты, сағы сынбапты. Рас, күтпеген жол апатынан екі көлігі жолға жарамай, тағы бір көліктен ақау шығып, кері қайтыпты. Біздің ауылға екі көлікке мінген 8 саяхаптшы келді. Жетекшісі – сол Әділет. Әкімшісі – Мәдина Жандарбекова.
- Біздің саяхатшылар арнайы дайындықтан өткен адамдар емес. Мысалы, Алмас Ашимов – белгілі кино-телережиссер, актер, Лия Ақмашева – блогер, ғылыми қызметкер, Руслан Ибраев – Білім және ғылым министрлігінің қызметкері, Арман Байсадықов – кәсіби фотограф, Балжан Балташева – блогер, Карина Шайкенова – журналист, мен де журналиспін, ал Әділет – ол басшымыз, - дейді ол. – Біздің басымызды қосқан нәрсе – саяхатқұмарлық және отанымызды аралап көріп, оның ұлылығын басқаларға да ұғындырсақ деген деген ниет!
- Біз осы экспедиция аясында Қазақстанның тұмса табиғатын, адам аяғы көп тимеген жерлерді, зерттелмеген орындарды, қызықты жерлерді аралап шығуды көздеп отырмыз. Еліміз кең байтақ. Сондықтан да, оның аумағында қазақстандықтар үшін көптеген әлі де белгісіз орындар баршылық. Өңірлердің өзіне тән табиғаты мен тарихы бар, ал көрікті жерлердің басым бөлігі ел-жұрттан жырақтағы алыс жерлерде, тіпті кей жағдайда жетуге қиын аймақтарда жатыр. Сондықтан да, біздің ұстанымымыз - Отанымызды одан да жақсы сүю үшін бәрін танып, көру қажет, - деді Арман Байсадықов.
Экспедицияны Ақкетікте қала әкімі Мұратбек Дощанов пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Дәулет Өтебалиев. Экспедицияның алғашқы кездесуі жаңа мектеп-лицейде өтті. Осы жерде саяхатшылар оқушылармен әңгімелесіп, оларға аралап көрген жерлері туралы туралы айтып берді. Дәулеттің ұсынысымен мамандық таңдау мәселесі сөз болып, саяхатшылардың көбі алдымен жұмысшы мамандығын игеріп, колледждерде білім алып, тәжірибе жинап, сосын барып сол мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсу керек деген ой айтты. Одан соң саяхатшылар Этнографиялық мұражайда болып, өлке тарихымен танысты. Вагенборг компаниясының кемесімен теңіз төріне шығып, ерекше әсерге бөленіп те үлгерді.
- Біздің экспедициямыз 108 күнге шақталған, бірақ, 360 күн жүрсек те құмардан шыға алмайтын шығармыз. График ең басынан-ақ бұзылды, бір айға шақталған біріші кезеңге біз 45 күн жұмсадық. Екінші кезеңді де бір айдың орнына екі айға жақын уақыт жібердік. Өйткені, жеріміз – ұлан-байтақ, табиғатымыз – ғажап, тарихымыз – мұхит! Оның бәріне бір сапарда қанығып қанағаттану мүмкін емес, -дейді Әділет.
Ақкетікке келген сапарының екінші күні олар тез арада Ақтауға қайтуға нұсқау алды. Өйткені, ауа-райының қолайлы кезін пайдаланып, Үстіртке бару керек болды.
- Біз Үстіртің ең биік шыңдарының біріне еліміздің көк байрағы мен «Хабар» агенттігінің жалауын қадаймыз. Сөйтіп, еліміздің ең бір қиыр шеттеріне де жеткенімізді әйгілейміз, - деді Балжан Балташева.
- Бірақ біз содан кейін бұл қалаға қайтып келеміз. Өйткені, оның тарихына қаныға алмай барамыз. Бұл қалада әлі де бірер күн болып, кино-теле материалдар әзірлейміз, жақын маңдағы тарихи орындарға барамыз, - деп қосты Әділет.
«Экспедиция 25» жобасының Маңғыстау кезеңі Құрық мекенінде түйінделмек. Одан бұрын Жаңаөзенде, Бекет ата мен Шопан ата мешіттерінде болады.
Айсағали ҚЫДЫР
Суретті түсірген автор