Жуырда «Мұнайлы аудандық Азаматтық бастамасы» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысы Ішкі саясат басқармасының 2016 жылғы әлеуметтік тапсырысы бойынша «Халықтың арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеу және патриотизмді орнықтырып құруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру» әлеуметтік жобасы аясында «Мен елімнің патриотымын» атты ұлттық әндер байқауын №5 орта мектепте өткізді.
Мақсат - дарынды жастарды қолдау, ұлттық патриотизмге тәрбиелеу. Отанына, туған жер, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру және жастар арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттау, тәуелсіздігіміздің белгісін құрметтеуге баулу.
Байқауға Атамекен, Басқұдық, Қызылтөбе, Маңғыстау, Дәулет ауылдарынан 7-11 сыныптарда оқитын 20 оқушы қатысып, әділқазылар шешімімен І орынға Махамбет Сандуғаш, ІІ орынға Мұхамбетжан Жандос, ІІІ орынға Бисенғали Жасмин ие болды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар, ал қалған өнерпаздардың барлығына Алғыс хат табысталды. Ауылдың құрметті ақсақалы, байырғы теміржолшы Амандық Алдабергенов сайыс соңында сөз алып, балалардың өнеріне жоғары баға берді: «Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Мұндай жайтты өмірден көріп-біліп, ұшырастырып та жүрміз. Адамдардың бәрінің бірдей музыкалық қабілеті бола бермейді ғой. Ал қандай адам болсын музыканы сүйіп тыңдайды. Демек, музыка адамдардың рухани қорегі деуге болады. Ал өзге халықтар секілді қазақтар да өзінің ұлттық аспаптарын құрметтеп, ән-күйлерін тыңдап ләззат алады. Әсіресе, домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ. Бүгінгі жасөспірімдердің ұлттық аспаптарда теңселе тебіренуі маған ерекше ұнады. Әрі қарай да биіктерден көріне беріңдер» ,- деді ол. Ал, бірлестік төрайымы Райхан Сұлтанқызы: «Патриоттық сезім отбасынан басталады. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастардың кеңінен орын алуы, ересектердің тәрбиеге жеткіліксіз көңіл бөлуі, ата-аналардың уақытының жетіспеушілігі мен қолдарының тимеуі отбасындағы жастар тәрбиесінің рөлін түсірді. Әрине, мұндай жағдайларда өзінің ескі арнасын жоғалтқан патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мен оған тәрбиелеудің жаңа жолға оңайлықпен түсіп кете алмасы анық. Патриоттық сананы қоғамдық өмірде бекітетін бірден-бір институт — жоғары оқу орындары мен басқа да білім мен тәрбие беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдар. Олардың көмегімен патриоттық сана қоғамдық өмірге бекітіліп, мемлекет тарапынан қолдауға және бағдарлауға ие болады. Біз болсақ, жастардың бойында өз отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз», — деген пікірде.
Әсел ТАҢАТАРОВА