©
Түпқараған ауданының прокуратурасы ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Таза аймақ», «Эмиссия үшін төле», «Құмар ойынсыз Маңғыстау» жобаларын таныстырып, жоба барысындағы жұмыстар түсіндірілді. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиұлы, аудандық ардагерлер кеңесі және аудандағы шетелдік, өндірістік компаниялар мен заңды тұлғалар қатынасқан жиында Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарамасы» мемлекеттік мекемесінің маманы Қуаныш Бедеров, Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Түпқараған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқарамасының бастығы Жанар Өтепбергенова қатысып эмиссия үшін төлеу қағидаттары мен рұқсат алу құжаттамалары, есептіліктері туралы түсінік берді.
«Эмиссия үшін төле» жобасы түсіндірілді
«Эмиссия төлеп-бюджетті толтыр» жобасын көп кәсіпкерлер не екенін білмей, заң бұзушылыққа жол беріп жатады, — дейді Түпақараған ауданы прокурорының орынбасары, кіші әділет кеңесшісі Нұркен Қарымсақ. Кез-келген мекеме, жеке кәсіпкер болсын табиғат ресурстарын дұрыс пайдалана білуі керек және ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін реттеп тұруы тиіс. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер экологиялық рұқсат алуы қажет. Оны облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы береді. Сонымен қатар рұқсат алуға өтінімді, қоршаған ортаға эмисиялардың есептік немесе аспаптық жолмен белгіленген және негізделген нормативтерін қамтиды. Мәселен, балабақша, мектеп сияқты білім беру ұйымдарындағы қысқы мезгілдегі жылу қазандығынан бөлінетін түтіннің өзі ауаның ластануына әкеліп соғады. Ал ол бөлінетін түтіннің де өз лимиті мен өлшемі болуы керек. Оны реттеу үшін алдымен рұқсат құжаттарын алып, салықпен есептілік өткізуге де ұқыпты қарағаны дұрыс.
«Таза аймақ» жобасы жүргізіліп жатыр
Семинар барысында сөз болған «Таза аймақ» жобасы аймақтағы қордаланған қоқыстардан арылуға көмектеседі екен. Аталмыш жоба кезінде тұрғындардың шағымдары да қаралып, қатқыл қоқыстарды салатын қоқыс жәшіктеріне сұраныс берілгендігін Түпқараған аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмас Жеткізгенов айтты.
Семинар барысында дәл осы жоба негізінде өз ұсынысын білдірген аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы Аман Күзембаев тұрғындар үйінен шығаратын көлемді қоқыстарын түнделетіп кез-келген жерге төгіп кетпеуі үшін қаладағы тазалық жүргізетін шаруашылық мекемесі тұрғындардан қоқыс қабылдайтын орын ашып, қабылдаса, ол мекеме кейін арнайы полигонға апарып төксе деген ұснысын жолдады. Көзді ала бере, қоқысын қорасынан шығара сала, тасаға төңкере салмау үшін бұл ұсыныс та орынды. Себебі, қоқыс жәшіктерін толтырған тұрғындар сай болсын, дала болсын арнайы қоқысқа арналмаған аймақтарды ластауға көшкен. Оны өзіміздің айналамыздан да көріп отырмыз. Сонымен қатар, Аташ елдімекенінің Жангелдин көшесінің тұрғыны Сайын Жолмағамбетовте дәл осы мәселені көтерді. Оның да маңындағы көршілері үйінің айналасын қоқыс төгетін орынға айналдырған. Бүгінде ол қордаланған қоқыс орынына айналып, қай сенбілікте де көзден таса қалып, тазаланбай келеді екен. Жоғарыдағы мәселені шешу арқылы осындай қоқыс орындарын азайтуға болады.
— Жыл соңына дейін жалғасын табатын акция аясында тазарту жұмыстары жүргізіле береді, — деп сендіріп отыр тиісті шаруашылық мекемелері. Сонымен қатар жиын соңында Жаңа Кетік аймағында жүріп жатқан тазалық жұмыстарымен таныстық. Жұмыс күші аздық етіп отырғаны байқалады.
«Құмар ойынсыз Маңғыстау» жобасы нәтиже берді
Семинардың тағы бір тақырыбы «Құмар ойынсыз Маңғыстау» жобасы аудан прокурорының орынбасары айтуынша сәтті жүргізіліпті. Акция аясында Түпқарағанда 5 заңсыз ойын ошақтары анықталып, олар жабылған. — Жоба нәтижесінде ауданда бірде-бір заңсыз ойын залдары қалмады. Бұл прокуратура мен аудандық әкімшіліктің үйлесімді жұмысының дәлелі, — дейді ол.Милана ЕЛЕУСІНОВА Суреттерді түсірген автор