©
Облыстық «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ел Тәуелсіздігіне - 25 жыл: Біргеміз – Мықтымыз» Маңғыстау облыстық азаматтық форумы өтті. Оған ауыл әкімдері, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Аталмыш форум аясында «ҮЕҰ аймақтық даму мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы», «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жүзеге асырылуы» тақырыптары бойынша сұхбат алаңдары өткізілді.
Алғашқы сөзді алған «Маңғыстау облыстық Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Жібек Ахметова «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-98 қадамдары жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталғанын, елімізде 2016-2020 жылдарға арналған мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың іс-қимыл жоспары және жергілікті өзін-өзі басқару туралы арнайы заңы қабылданып, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті. Аймақта жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға назар аударылып, бұл ілкімді іске мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ етене қатысуы бойынша пайымды пікірлер, орамды ойлар ортаға салынды.
— Жергілікті өзін-өзі басқару – мемлекеттің жергілікті маңыздағы мәселелерді шешу мақсатында жасалатын басты міндеті,-деді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы Бахтияр Қалабаев.
— Оның жүзеге асырылуы - жергілікті халықтың бақылауында болуы тиіс. Яғни халық мемлекетпен тығыз қарым-қатынаста болып, ауыл, округ, село, кент әкімдерінің аппаратымен бірлесіп жұмыстануы керек. Бүгінде заңнамалар халықтың жергілікті маңыздағы түйткілді мәселелерді шешуге белсене қатысуын қарастырады. Мемлекет үкіметтік емес ұйымдармен тізе қосып қызмет етуі арқасында жергілікті халықты толғандыратын мәселелер шешіліп, жұмыстар тындырылмақ. Заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес, төртінші дәрежедегі бюджет енгізіліп, селоларда жеке коммуналды меншігі болады. Онымен қоса, жергілікті қоғамдастыққа жергілікті маңыздағы мәселелерді тиімді түрде шешу және қаражатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін қосымша өкілеттіктер мен қызметтер беріледі. 2018 жылдан бастап халқы 2000-нан астам селолық округтерде, 2020 жылы еліміздің барлық елді-мекендерінде төртінші дәрежедегі бюджет енгізілетін болады. Осыған орай, ауыл әкімдері қоғамның арыз-шағымын ескеріп, сөздеріне құлақ түріп, жұмыс істеуі қажет. Ал олардың арасын байланыстыратын көпір - үкіметтік емес ұйымдары болмақ,-деді ол.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ҮЕҰ-ның қатысуы жөнінде «Жастар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова баяндама жасады. Оның сөзінше, бұл маңызды үрдіске қатысуға үкіметтік емес ұйымдардың барлық құқығы бар. Жергілікті өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызметтер, қоғамдық кеңестер, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстар туралы заңдар ҮЕҰ-ға мемлекеттік рәсімдерге қатысуға құқықтық негіз береді.
— Облыста 300-ден астам ҮЕҰ тіркелген. Оның 50-ден астамы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа қатысса, 20-ға жуығы қоғамдық кеңестердің жұмысына атсалысады. Ауыл әкімдері жергілікті қоғамдастыққа ҮЕҰ қосып, жергілікті маңызды мәселелерде шешім қабылдау процесіне қатыстыруы керек. Өз ауылдарындағы белсенді, атпал азаматтарды, қоғамдық ұйымдарды жергілікті қоғамдастыққа шақыруға болады. ҮЕҰ қайырымдылық шаралар, бюджетті мекемелердің әлеуетін көтеретін, қызметкерлердің жеке қабілеттерін арттыратын семинар-тренингтер ұйымдастырып жүр. Менің ойымша, әкімшілік мемлекеттік басқару ісімен, әлеуметтік мәселелер шешумен айналысып, қайырымдылық, мәдени шаралар, байқаулар, сенбіліктерді қоғамдық ұйымдардың еншісіне қалдыру қажет,-деді Ж.Маханбетова.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ