Алматы қаласында өтетін Бүкіләлемдік қысқы универсиадаға қатысушыларға қолдау көрсету мақсатында облыс орталығындағы «Ақтау» сауда-ойын сауық кешенінде жастар акциясы өтті. «Жас Қазақстан, желбіре қазақ байрағы!» деген ұранмен өткен шараны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық жастар саясаты жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Шарада өлкеге белгілі өнерпаздар Бердібек Құлқараев, Асылбек Құрманов, Мөлдір Жайлыбаева, Аружан Кусумова, Қарлығаш Садықова, Әсел Шораева әуелете ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ бүлдіршіндер мұз айдынында мәнерлеп сырғанаудан өнерлерін көрсетті.
2017 жылдың 29-қаңтарында Алматы қаласында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада жалауын желбіретеді. Шара спорттың 12 түрін қамтиды. Қысқы Универсиадаға 55 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысады және жарыс уақытында 30 мыңға жуық шетелдік қонақ пен турист келеді деп күтілуде.
— Еліміздің барлық қалаларында алдағы жылы Алматы қаласында өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы қолдау бағытында 100 күндік акция өтіп жатыр. Осыған орай бүгін біз де Ақтау қаласында жастар акциясын ұйымдастырдық. Шарада қысқы универсиаданың тарихы жөнінде кеңінен ақпарат беріліп, спортшыларымыз мұз айдынында өнерлерін көрсетті. Біздің облысымызда қысқы спорт түрлері кенже дамып келеді. Сондықтан да бұл универсиадаға аймақтан спортшыларымыз қатыса алмайды. Алдағы уақытта біз облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қысқы спорт түрлерін дамытуды қолға алатын боламыз. Жалпы қысқы универсиада елімізде 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпанында өткізіледі. Біздің еліміздің мұндай іс-шараларды өткізуде үлкен тәжірибеміз бар. 2011 жылы жетінші қысқы Азия ойындарын өткіздік,-дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов.
Венера МИРЛАН