Қазақстан Республикасындағы бекітілген кәсіби мейрамдардың бірі – Құтқарушылар күні. Жыл сайын 19 қазанда, төтенше жағдайлар бойынша Мемлекеттік комитет негізінде аталып өтіледі.
Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар бойынша Мемлекеттік комитеті 1995 жылғы 19 қазанда құрылды. Бұл күн Қазақстанда ТЖ кәсіптік қызметінің құрылу күні болып саналады. Бұған дейін тұрғындарға қызмет көрсету бойынша Қазақстанда кәсіптік апаттық құтқару ұйымдары болған жоқ. Бүгінгі күні ТЖ бойынша министрлік пен Қазақстандағы оның комитеттері жүзге жуық ұйымдарға ие, құтқарушылардың жалпы саны 28 мың адамға жуық. Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі (бұдан әрі – бөлім) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жаңаөзен қалалық құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрдәулет Саттықов Жадырасынұлы 1969 жылы 20 тамызда Қарақалпақстан Республикасы, Шоманай ауданында дүниеге келген. 1976 жылы сол елді мекенде орналасқан №4 қазақ мектебіне бастауыш сыныпқа барып, 1986 жылы бітірген. Ресей Федерациясының Красноярск өлкесіндегі Краснодар қаласында ауыл-шаруашылық инстутына құжаттарын тапсырған. 1987-1989 жылдары әскери борышын өтеп, 1992 жылы оқуын тәмамдаған. Тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударған соң, 1995 жылдан бастап төтенше жағдайлар саласына бет бұрған. Еңбек жолын «Өзенмұнайгаз» АҚ екіжақты келісімшарт негізінде қызмет көрсететін №1 мамандандырылған әскери отрядта қатардағы өрт сөндіруші болып бастаған. 1998 жылы аталған отрядтың №19 бөлімінің инженері, 2005-2009 жылдар аралығында Қарақия аудандық өрт сөндіру бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі кезде еңбек өтілі 21 жылдан астам. Ширек ғасырға жуық қызметі басшылық тарапынан елеусіз қалған емес. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюдың мемлекеттік жүйесін дамытуға және нығайтуға белсенді қатысқаны және Қазақстан Республикасы тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы табыстары үшін ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2012 жылы Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Биыл, 2016 жылы ҚР Ішкі істер Министрлігінің Құрмет грамотасына ие болған. Отбасында бір ұл, екі қызды тәрбиелеп отырған ардақты әке.
Нұрдәулет Жадырасынұлы Саттықов, Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, Азаматтық қорғау подполковнигі: - Қазақстан Республикасы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүргенімізді мақтан тұтамыз. Бұл салада өз Отанының патриоттары қызмет атқарады. Қазақстан Республикасының Ішкі істер саласының барша қызметкерлері еліміздегі қандай да бір төтенше жағдай болса, өз қауіпсіздігінен – өзгенің денінің амандығын ойлап-ақ тұрады. Ел халқына шат-шадыман күлкі мен тыныш өмір сыйлауда қызметкерлеріміздің атқарып жатқан қызметі ұшан-теңіз. Ұжымымыздың айбынын асқақтататын жандарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Халқымызда «Ер - елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Біз осындай жандардың қайсарлығынан, айбынды атқарған істерінен өнеге алып өсетін жастар Отанына адал қызмет атқарады деп сенеміз. Мерейлі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, жанұяларыңызға бақыт пен шаттық тілейміз!
Қазіргі таңда Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімдерінің барлығын қосқанда 220 жеке құрам жұмыс жасап жатыр. Соның 14 офицерлік құрамының орны бос тұр. Бұл орындарға бөлімшенің арнайы әскери шені бар немесе өмір қауіпсіздік негіздері, құрылысы саласы, энергетик мамандарды арнайы медициналық сараптамадан өткізу арқылы қабылдауға мүмкіндігі бар. Бұл сала мамандары зейнеткерлікке ерте 45 жасында шығатыны белгілі. Қазіргі қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшыларының жұмыс өтілдері 20 жылдан асып, зейнеткерлікке шығуға таяп қалған. Өткен жылы осы салаға қызығушылық танытқан орта мектеп бітірген 12 түлектің біреуінің ғана бағы жанып, оқуға түскен. Бұл мамандыққа түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден 50 баллдан кем емес ұпай жинап, физика және математика пәндерін жақсы білу қажет. Сонымен қатар талапкерлер дене шынықтыру пәнінің негізгі нормативтерін тапсыру арқылы сыналады. Бұл ата-аналарға қазіргідей қысылтаяң кезеңде үлкен көмек: мемлекет есебінен төрт жылдық оқу ақысы төленіп, тегін арнайы киімдермен, жатын орынмен қамтамасыз етіледі және тамақтандырылады. Оқуын бітірген, қаламызға қызметке орналасуға келген басқа облыстың жастары ары кетсе 5 жылға жуық қызмет артқарып, кейін туған өлкелеріне ауысып жатады. Қаламызға осы саланы бес саусақтай игере алатын, тұрақты түрде жұмыс жасайтын жергілікті мамандар ауадай қажет.
Қызылсай ауылы №10 Өрт сөндіру бөлімінің басшысы Майрамбай Жылгелдиев Шақабайұлы Қарақалпақстан Республикасы, Хожелі ауданында 1969 жылы дүниеге келген. 1986 жылы орта мектепті тәмамдап, 1987 жылы әскерге шақырылған. Тынық мұхитында үш жыл бойы Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, 1990 жылы Ташкент қаласындағы инженерік институтына оқуға түскен. 1996 жылы оқуын аяқтай сала, тарихи Отаны Қазақстан Республикасына, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласына қоныс аударған. 1997 жылдан бері өрт сөндіру саласында жұмыс жасап келе жатыр. Қазіргі еңбек өтілі – 19 жыл. Кіші инспектор қызметінен бастап инспектор, қарауыл бастығы, бөлім бастығының орынбасары, Жаңаөзен қалалық №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.
Майрамбай Шақабайұлы Жылгелдиев, Қызылсай ауылы №10 Өрт сөндіру бөлімінің басшысы, Азаматтық қорғау подполковнигі: - Қазіргі таңда Қызылсай ауылындағы №10 Өрт сөндіру бөлімінде штаб бойынша 29 қызметкер және екі өрт сөндіру автокөлігі бар. Мамандардың арасында жастар өте көп. Бізге жұмысқа қабылданғаннан кейін 45 күн бойы Ақтау қаласындағы Өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстарымен айналысатын мекемедегі кәсіби даярлау мектебінен өтеді. Кәсіби даярлау мектебінде өрт сөндіру және төтенше жағдайлардағы әр түрлі құтқару жұмыстары бойынша дайындық курсынан өтеді. Кейін мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 30 сағаттық дайындық жұмыстарынан өткізіліп, қызметке араласады. Түтінге кіру, жоғары қабаттарға шығу, түтінмен тыныс алуға жарамсыз уақыттардағы жұмыс жасау ерекшеліктерімен танысады. Үзеңгілес қызметкерлердің үйлесімді іс-әрекеттері кәсіби дағдыларды тұрақты түрде пысықтаудан және жабдықтар мен құрал-саймандарды жарамды күйде ұстауға байланысты. Тәртіп, өзін-өзі жетілдіру, ұжымдық – көмек қолын созу сезімі, міне қауіпті жұмыс осындай қасиеттерді талап етеді.[/quote]
Өрт қауіпсіздігі – бұл өрт болу мүмкіндігін болдырмау және оның пайда болған кезінде адамдарға, құрылыс және материалдық құндылықтарға өрттің қауіпті факторларының жағымсыз әсерлерін жою үшін қажетті шараларды қолдану болып саналады. Өрт қауіпсіздігі өрттің алдын алу шаралары мен және белсенді өрт қорғанысымен қамтамасыз етіледі. Қызылсай ауылындағы мемлекеттік мекемелердегі өрт қауіпсіздігін сақтау деңгейі өткен жылдарға қарағанда әлдеқайда жақсарды. Қазіргі уақытқа дейін ауылдағы мемлекеттік мекемелерде бірде-бір өрт оқиғасы тіркелмеген. Өрт көбінесе жеке тұрғын үйлерден шығатын көрінеді.
Жаңаөзен қалалық №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Сәтқали Боздыбайұлы Доштаев 1975 жылы Түркменстан Республикасының Ашхабад облысында дүниеге келген. Жалпы білім беретін орта мектептің 10 сыныбын Ашхабад облысында оқыған. 1992 жылы тарихи Отанына көшіп келіп, Жаңаөзен қалалық №5 орта мектепте 11-сыныпты тәмамдаған. Бір жарым жыл бойы Отан алдындағы әскери борышын өтеген соң, 1996 жылдан бастап қаламыздағы Өртке қарсы қызмет жасағына қатардағы жауынгер ретінде қабылданған. 2003-2008 жыл аралығында Көкшетау техникалық институтын бітірген. Содан әр түрлі офицерлік лауазымдарға көшіп, Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінде аға-анықтаушы, Қызылсай ауылындағы №10 сөндіру бөлімінде бөлім басшысы қызметтерін атқарған. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қалалық №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалған. Бұл бөлімде штат бойынша 142 маман қызмет атқарады. 2015-2016 жылдары қызметке қабылданған жастар арасында Маңғыстау облысының атынан топ құрып, Қарағанды облысында өткізілген төтенше жағдайлар саласындағы «Өртте қолданбалы спорт» бағдарламасы бойынша республикалық деңгейдегі жарысқа қатысып келген. Биыл №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі 14 облыс, Астана және Алматы қалаларының республика көлеміндегі ең үздік бөлімдер байқауына қатысып, жүлделі III орынға ие болған.
Ыбырай Боздыбайұлы Ташмұханов 1972 жылы дүниеге келген. Қаламыздағы №5 орта мектепті тәмамдаған. 1990-1992 жылдар аралығында әскерде Отан алдындағы борышын өтеген. 1994 жылдан бастап өрт сөндіру бөліміне жүргізуші қызметіне орналасқан. Осы салада қызмет атқарып келе жатқанына 22 жылдан астам уақыт өткен. Қазіргі таңда Теңге ауылы №12 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры. Теңге ауылындағы бөлімде штат бойынша 32 маман, 6 офицерлік құрамдағы мамандар қызмет атқаруда. Ауыл халқының күн санап көбеюіне байланысты 3 негізгі өрт сөндіру техникасы және іссапармен келген 16 маман қызметке алынған. Өрт қауіпсіздігі бойынша қазіргі таңда «Тұрғын үй 2016» өрт қауіпсіздігі айлығы ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен 15 қазанға дейін өткізілді. Теңге ауылы аумағында тұрғын үй өрт қауіпсіздігін талап ету бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардың назарын отты дұрыс пайдалану, электр жабдықтарын, тұрғындармен өрт қауіпсіздік нормаларын және жылытқыш пештердің, газ баллондарын пайдаланудағы өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауға бағыттады. №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен өткізілген «Тұрғын үй 2016» өрт қауіпсіздік айлығы жылыту маусымында тұрғын секторындағы өрт қауіпсіздігі шарасын күшейту, өрттердегі адамдардың қаза болуына, азаматтардың жеке мүліктерінің шығынына жол бермеу үшін тұрғындарға түсіндірілді және мемлекеттік мекемелерде өткізілген кездесулер пештерді, электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау, үйде, баспалдақтарда, дәліздерде өрт қауіпсіздігін сақтау және дұрыс ұстау бойынша түсіндірме жұмыстары өткізілді. Өткізілу барысында негізгі назар жылыту маусымында өрт қауіпсіздігіне дайындық, жылыту құрылғыларын пайдалануда ақау болуына жол бермеу болды. Ең басты бағыттың бірі тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша тұрғындармен үгіт-насихат жүргізу. Тұрғындар арасында үгіт-насихат материалдары яғни, жадынамалар, брошюралар, нұсқаулықтар тарқатылды.
Жас маман Молдабек Мырзабайұлы Идаев 1992 жылы дүниеге келген. 2012 жылы Көкшетау техникалық инстутына оқуға түскен. Осы жылы Жаңаөзен қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері мамандығы бойынша лейтенант шенімен қызмет атқаруда. Армансыз адам – қанатсыз кұспен тең демекші, оның өмірдегі мақсаты осы саланың жоғарғы шыңына, яғни генерал шеніне жету. Молдабек түлеп ұшқан Қазақстан Республикасының Төтенше жағдай Министрлігі «Көкшетау техникалық институты» мемлекеттік мекемесі дербес жоғары оқу орны ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылы 22 сәуірдегі №3465 «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының жүйесін ары қарай өзгерту іс-шаралары туралы» Жарлығына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылы 22 шілдедегі № 1143 қаулысына сәйкес құрылған. Қазіргі таңда институт «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша іштей және сырттай оқу түрлерінің бакалавр академиялық лауазымдағы өрт қауіпсіздігі инженері біліктілігінің жоғары кәсіптік білімді мамандарын дайындайды. Қазақстан Республикасының ТЖМ Көкшетау техникалық институтына іштей оқу бөліміне іріктеу және қабылдау Ережесіне сай Қазақстан Республикасының оқу жылының басына дейін 17 жасқа толған, 25 жасқа дейінгі орта және ортадан кейінгі білімі бар, әскери қызметке денсаулығы келетін, кіру емтиханын бірыңғай ұлттық немесе кешендік тестілеу шеңберінде (қазақ немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы, физика және математика, негізгі пәні – математика) ойдағыдай тапсырған және конкурстық іріктеуге шыдаған азаматы қабылданады.
Ерсайын Серікұлы Бағытов 1984 жылы Түркменстан Республикасының Ташауыз облысында, Октябрьск ауданында дүниеге келген. 1991 жылы мектеп табалдырығын аттап, 2000 жылы орта мектепті бітірген. 2001 жылы Қазақстан Республикасына қоныс аударып, 2003 әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. 2006 жылдың қаңтар айынан бастап №7 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі лауазымына тағайындалып, қазіргі уақытта №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі қызметінде.
2012 жылы «ҚазГӨЗ» ЖШС-нің аумағындағы №1 (2 блок, 28 торап) компресс цехынан өрт шыққаны есімізде. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Маңғыстау облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 66 адамы мен 6 техникасы, ҚР ТЖМ «Өрт сөндіруші-М» АҚ-ның 7 адамы мен 1 техникасы, «Семсер-өрт сөндiрушi» ЖШС-нің 13 адамы мен 4 техникасы жұмылдырылған болатын. Сол тілсіз жауды ауыздықтаған ерлігі үшін Ерсайын Бағытовқа «ҚР ТЖ Министрлігінің «ТЖ ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған болатын.
Дастан Бақытжанұлы Есенаманов 1979 жылы 22 сәуірде Түркменстан Республикасының, Қошоба селосында дүниеге келген. Жалпы білім беретін орта мектепті сол ауылда бітіріп, әскери борышын да сол жақтан өтеп келген. 2000 жылы тарихи Отаны Қазақстанға қоныс аударып, 2001 жылы М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға түскен. 2009 жылдан бері №12 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі қызметінде. 2012 жылы «ТЖ алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.
Жаңаөзен қаласының төтенше жағдайлар бөлімінің ұжымы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюдың мемлекеттік жүйесін дамыту мен нығайтуға қосқан үлестері үшін 2012 жылы қала әкімінің «Алғыс хатымен», сол жылы ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігі ұйымдастырған «Ең үздік төтенше жағдайлар бөлімі» республикалық конкурсында II дәрежелі дипломмен марапатталған.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА