«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының желілік кестесіне сай облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев тұрғындарды қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келген облыс тұрғындары жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға жөндеу жүргізілуін, қоғамдық көлік бағасының қымбаттауын, газ, жылу мәселерін, үлескерлердің баспанаға қол жеткізе алмай жүрген проблемаларымен арызданды.
Маңғыстау ауданы Жармыш ауылындағы бір топ тұрғындардың проблемасын жеткізген Жасұлан Сисенқұлов үш жылдан бері ауылда газ, жылу жүйесіне қосыла алмай отырғанын айтты. Тұрғынның проблемасын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары аталған мәселе келесі жылы жоспарға енгізіліп, шешімін табатынын айтты. Тұрып жатқан баспанасының шатырын жөндеп беруге көмек сұраған Вера Разумнаяның мәселесін көмек көрсетіп, қадағалауға алуды Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаевқа міндеттеді. «Ақтау Нұры» тұрғын үй кешенінің бір топ үлескерлері әлі күнге дейін баспанасыз жүргенін, құрылыс жұмысының тұралап тұрғанын айтып, мұңдарын шақты.
— Біз 17 шағынаудандағы тек қазығы қағылған «Ақтау нұры» тұрғын үй кешенінің салымшыларымыз. Әлі күнге дейін не ақшаларымызды не үйімізді ала алмай жүрміз. Жауапты адамдарды да орнынан таппай әбден сандалдық. Арамызда кейбіреулері баспана ақшасының 50 пайызын, кейбірі 100 пайызын төлеп қойған. Бірақ, құрылыс тұралап тұр. Сондықтан да бүгін Сіздің қабылдауыңызға келіп, мәселемізді айтып отырмыз. Сіздер осы мәселеге араласып, айтылған арыздарымызды жерге қалдырмай, оңынан шешімін табуына көмектесесіздер деп сенеміз. Көпшілігіміз жаңа үйге қол жеткіземіз деп несие алып, бүгін соны төлеп отырмыз,-деп мұңын шақты Ақтау қаласының тұрғыны Балболсын Арыстанғалиева.
Үлескерлердің шағымын тыңдаған С. Алдашев құрылысқа жауапты адамдармен сөйлесіп, мәселені жауапсыз қалдырмайтынын жеткізді. Сондай-ақ қоғамдық қабылдауда қала тұрғыны Любовь Абдухалилова 7 шағынаудандағы жая жүргіншілерге арналған жолға жөндеу қажеттігін, қоғамдық көліктердегі жолақысының қымбаттап бара жатқанын сөз етті.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша тұрғындар талабын шешуді жеделдету жөнінде жауапты мамандарға нұсқау берді. Жалпы қазан айында облыстық партияның ғимаратында төрт қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, 12 арыз қабылданған.
Венера МИРЛАН