Тылсым табиғат тосын мінезін көрсеткен кезде, тыныс- тіршілікте тұрмыстық ереже сақталмаған жағдайда, ойланбаған жандар от басып, оқыс оқиғаға душар болған сәтте, ештеңеге қарамастан, бірден көмек қолын созып, шыбын жанды арашалап қалатын абзал жандардың бірі – құтқарушылар. Апат айтып келмейтін қатер болғандықтан, кез келген уақытта, кез келген жерге кешікпей жетіп, өзіне қауіп төніп тұрса да, өзгенің жанын сақтап қалу үшін арпалысатын ардақты қызмет иелерінің мерекесі ауданымызда аталып өтті.
Құрық кәсіптік колледжінің акті залына жиналған төтенше жағдайға қарсы қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен қызу құттықтаған аудандық ТЖБ басшысы, азаматтық қорғаныс майоры Қайрат Бесімбаев жауапты да абыройлы қызметтерін мінсіз атқарып жүргендері үшін бір топ құтқарушыны «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Еңбегі еленгендердің қатарында, «Құрық суда құтқару» бекетінің басшысы Есболай Ботабаев, №2 өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы Айгүл Джаманбаева, өрт сөндіруші Жайнат Қошманов және азаматтық қорғаныстың алдын-алу шаралары бойынша жасөспірімдермен бірлесе жұмыс атқарған белсенділігі үшін бастауыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Бекенова марапатталды. Бұдан соң өрт сөндіру бөлімшесі басшысының орынбасары Қанат Аталиков, «Құрық суда құтқару» бекетінің басшысы Ботабай Ыбырайұлы сөз кезегін алып, құтқарушыларды мерейлі мерекелерімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Осы салада он жылдан бері мінсіз қызмет атқарып келе жатқан, өз ісінің білікті маманы, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, Қайрат Убайдуллаұлы:
— Кәсіби мерекемізге орай біршама қызметкерлеріміз облыстық басқармаға барып тойға қатысқалы отыр, бірақ солай екен деп аудан көлемінде атаусыз қалдыруға бола ма? Өз ісіне берілген білікті қызметкерлерімізді марапаттап, жергілікті гарнизон бойынша шағын іс-шара ұйымдастырдық. Жалпы аудан халқын өрттен және судан құтқару, апаттың алдын алу бойынша біршама іс атқарып отырмыз — дейді. Ал, судан құтқару бекетінің басшысын сөзге тартқанымызда, ол:— Жаз маусымындағы шомылу кезеңінде біздің қызметтің көмегіне жүгінушілер көп болады. Биыл жаз жақсы әрі ұзақ болды. Біздің қызметке Құрық ауылы маңайы, Ерсайдан бергі, Жыланды тауға дейінгі жағажай аумағы қамтылған. Құдайға тәубе, ауданымызда жаманат болған жоқ. Судан құтқару бойынша жедел көмек көрсеткен кезіміз көп. Биыл 6 рет адамды аман алып қалдық! — дегенді айтты.
Негізінен, 19 қазан - Қазақстан Республикасы төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылған күні екен. Демек, бұл күннің «Құтқарушылар күні» деп аталу себебі де орынды.
Мерекелік жиынға келген кілең сайдың тасындай сақа жігіттеріміз бен кешегі Әлия мен Мәншүктің жалғасындай ару қыздарымыздың жүзінен мерекелік шаттық, отанға деген патриоттық сезімді байқадық. Марапатталған кезде де;
— Қазақстан Республикасы үшін адал қызмет атқарамын!- деп, жігерлі де жалынды үнмен баянат беріп жатты.
Иә, Қазақстан Республикасының игілігі, тыныштығы, бейбітшілігі мен тұрақтылығы үшін және дамуы мен өркендеуі үшін әр азамат күш біріктіруі керек. Әсіресе, отан және құқық қорғау, азаматтық саладағы қорғаныс қызметкерлері үшін бұл баянат ар- намыс өлшемі, мінсіз қызмет үлгісі әрі олардың жарқын келбеті мен имиджі сияқты. Жарасып тұр!
Лайым, еліміз түрлі апаттан, өрттен, судан аман болсын! Бейбіт күннің белесінде, береке мен бірлікті ту етіп, Қазақстан Республикасына қалтқысыз қызмет атқара беріңіздер, құрметті құтқарушылар!
Шынар КЕНДІН