Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Арман Елдесовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жөнінде баяндады.
«Еліміздің зейнетақы жүйесінде оң өзгерістер орын алуда. Бүгінгі таңда көпдеңгейлі жаңғыртылған зейнетақы үлгісі қалыптасқан. Бірінші үлгі базалық зейнетақы төлемін тағайындау. 2005 жылы Елбасы Жолдауындағы талаптарға сәйкес мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі енгізіліп, алғашында 3000 теңгені құраған болатын. Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға еңбек өтіліне және жалақысына қарамастан, бірдей мөлшерде төленеді. Оның көлемі республикалық бюджет туралы заңға сәйкес ең төменгi күнкөрiс деңгейiне кезең-кезеңiмен жақындатыла отырып, белгiленедi. Қазіргі таңда республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін базалық зейнетақы 11 965 теңгені құрайды. Зейнетақы жүйесінің тағы бір үлгісі ынтымақтастық және жинақтаушы жүйелері. Қазіргі таңда жұмысшылар 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын зейнетақы қорына жылына бір рет аударады. Ынтымақты (еңбек) зейнетақы мемлекеттік бюджеттен және жинақтаушы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтары есебінен төленеді. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік бюджеттен ынтымақты зейнетақыны алу үшін азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кем дегенде 6 ай еңбек өтілі болуы керек. Толық зейнетақыны тағайындау үшін әйелдердің еңбек өтілі 20 жыл, ал ер-азаматтардың еңбек өтілі 25 жыл болуы тиіс. Бүгінгі таңда жұмыс істеп жүрген азаматтардың барлығы да жинақтаушы зейнетақы қорына еңбекақысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы аударымдарын аударып жүр. Олар аударып жүрген бұл қаражаттарының игілігін зейнет жасына жеткенде көретін болады»,-дейді А.Елдесов.
Кейде зейнеткерлердің еңбек өтілі көп болғанымен, зейнетақы көлемі аз жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан 2018 жылың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемін лайықты тағайындау мақсатында бірқатар өзгерістер енгізіледі. Еңбек өтілі 10 жылдан аз азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайыз мөлшерінде әлеуметтік зейнетақы белгіленеді. Ал 10 жылдан артық жұмыс жасағандарға әрбір жыл үшін базалық зейнетақы көлемі 2 пайызға ұлғайтылады. Егер азаматтардың еңбек өтілі 35 жыл және одан да артық болған жағдайда, базалық зейнетақы көлемі ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызына теңестіріледі. Ең төмен күнкөріс деңгейі қазіргі таңда 22 500 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етіле бастады. Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алушыларға міндетті зейнетақы салымдарын субсидиялау бала бір жасқа толғанға дейін жүргізіледі. Сонымен қатар, еңбек жағдайлары қауіпті және зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің зейнетақы шотына 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналарынан бөлек 5 пайыз міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары түсіп отырады. Ал мамандықтар санаты Үкімет қаулысымен бекітіліп, нақты тізім жыл сайын жаңартылып тұрады.
«Қаржылық дағдарысқа қарамастан мемлекет әлеуметтік төлемдерді қаржыландыру жұмысын тұрақты жүзеге асыруда. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы мәліметке сүйенсек, өңір бойынша әлеуметтік төлем алушылар 97 мыңды құрап отыр. 2013 жылы 1 жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін әлеуметтік төлем алушы 13 мың ана тіркелсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 16 мыңды құрады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт»,-дейді бас маман.
Зейнетақы төлемін тағайындау барысында еңбек кітапшасына енгізілген қызмет жылдары туралы жазабалардың маңызы зор. Сондықтан мекемелер мен кәсіпорындардың кадр жөніндегі мамандары еңбек кітапшаларын толтыру барысында «еңбек кітапшаларын жүргізу тәртібі туралы» нұсқаулықты басшылыққа алуы тиіс. Еңбек кітапшасында қызметкердің жеке басына қатысты мәліметтер, жеке куәлігінде көрсетілген жазбалар еңбек кітапшасында бұрмаланып көрсетілсе, бұл мәселе жұмыскердің еңбек қызметін растайтын архивтік анықтамамен сот үкіміне жүгіну арқылы шешіледі.
Сонымен қатар, департамент жанынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысатын мобильді топ құрылған. Әрі тұрақты түрде тұрғындарға арналған ашық есік күндері өткізіледі.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Серік Майемеров