«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында италияндық «Тенарис» компаниясының инвестициялық жобасы жүзеге асты. Қазақстанда алғаш рет ашылған «премиум» санаттағы газды- герметикалық кескінделген құбырлар өндіретін зауыт тапсырыс берушілерге таныстыру рәсімін өткізді. Салтанатты шараға ҚР Энергетика вице- министрі Мағзым Мырзағалиев, облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов, облыстық басқарма басшылары және мұнай компанияларының өкілдері қатысты.
–Әлемдік деңгейдегі «Тенарис» компаниясы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В», «Тенгизшевройл» және өзге де ірі кәсіпорындардың тапсырысын орындайды. Келешекте отандық өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, 20 пайызы экспортқа шығарылады. Құны 12 млрд. теңге болатын инвестициялық жобаға мемлекет тарапынан инфрақұрылымды тартуға көмек көрсетілді. Қазақстан нарығындағы жаңа өнім облысымыздың экономикалық- әлеуметтік жағдайының жақсаруына мүмкіндік береді. Зауыт келесі жылдың ортасында толық қуатында жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта өндіріс орнында 40 қызметкер еңбек етсе, келесі жылы тағы 50 жұмыс орны ашылады. Осы арнайы экономикалық аймақта бүгінде 12 инвестициялық жоба жұмыс жасап тұр. Жыл аяғына дейін тағы 6 жоба іске қосылады деп жоспарлап отырмыз,– деді индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев.
«Тенарис» компаниясының президенті Паоло Рокканың айтуынша, заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталған зауытқа қажетті шикізат Италия мемлекетінен тасымалданады. Отандық өндіріске өң беретін зауыттың жылдық қуаттылығы жылына 400 мың газды-герметикалық кескінделген құбыр шығаруға қауқарлы. Жаңа өндіріс ошағының өнімдері мұнай-газ саласындағы кен орындарында ең күрделі операциялық жұмыстарды орындауға қолданылмақ.
Салтанатты жиында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзым Мырзағалиев отандық өндірістің өрістеуіне жол ашқан кәсіпорынды құттықтап, «Қазақстанда жасалған» өнім сапалы әрі бәсекеге қабілетті болатынына сенімділік білдірді. Экономиканың өзекті буыны саналатын өндіріс саласына жаңа леп әкелген кәсіпорынның өнімдері Ресей, Әзірбайжан, Түрікменстан мемлекеттеріне экспортқа шығарылатынын хабарлады.
Жиналғандарды Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жаңа зауыттың ашылуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов жаңа отандық өнім өндірісі жергілікті мазмұнды дамытуда рөлі зор екенін атап өтті.
–Мен Румыния елінде «Тенарис» компаниясы салған зауытта 3 айдан астам уақыт оқып, білімімді жетілдіріп, өндірістік тәжірибеден өттім. Газды-герметикалық кескінделген құбырларды бақылау, тексеру бөлімінде 4 адам жұмыс жасаймыз. Күніне 60-70 құбырды тексеруден өткіземін, – деді зауыт операторы Үсен Қуандықов.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ