Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда департаменттің стратегиялық және операциялық жоспары аясында, ІІМ және Төтенше жағдайлар комитеті шешімі бойынша есептік кезеңде департамент тарапынан атқарылған нақты іс-шаралар баяндалды.
«Ағымдағы жылдың 9 айы бойынша Маңғыстау облысында 193 төтенше жағдай тіркелді. Нәтижесінде 14 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды. Өткен жылмен салыстырғанда өрт апатынан қаза табу көрсеткіші 40 пайызға, ал суда бату оқиғасы 72 пайызға азайған. Төтенше жағдайларда жарақат алғандар саны 21 пайызға төмендеген. Төтенше оқиғалар нәтижесінде шығын 7 есе азайып, 18,4 млн. теңге қаражатты құрады. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 132 млн. теңгені құрады. Биыл өңір бойынша 173 өрт орын алды. Өрт жалыны шарпыған нысандардың басым бөлігі тұрғын үйлер мен автокөліктер»,-деп есеп берді департамент басшысы.
Есептік кезеңде Департаменттің жедел әрекет ету қызметіне 1192 «дабыл» белгісі келіп түскен. Оның ішінде 773-і өрт пен жану оқиғасына байланысты, 210-ы апаттық-құтқару жұмыстары, 167-сі шұғыл медициналық көмек көрсету және 45-і жедел-құтқару жасақтары қызметі бойынша келіп түсті. Жедел әрекет етіп, дер кезінде көмек көрсету нәтижесінде өрттен 15, су апатынан 18 адам құтқарылды. 32 зардап шеккен жандарға толық медициналық көмек көрсетіліп, 38 млн. теңге қаражат көлемінде тауарлық материалдық құндылықтар құтқарылды.
«1995 жылдан бастап №2541 Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығы негізінде 19 қазан Төтенше жағдайлар бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік комитетінің ТЖ қызметінің құрылған күні болып есептелінеді. Құтқарушылар күні –ержүрек, күшті, қажыр-қайраты мол, қайсарлы жандар мерекесі. Олар қираған құрылыстар, көкала түтін, терең су, алпауыт өрт, лай-батпақты аумақтарда қызмет етіп, өз өмірлерін қауіпке тігеді. Соңғы жылдары дүние жүзінде адамдар үшін төтенше жағдайлар тақырыбы ерекше өткір және өзекті болып тұр. Тұрғындарды қорғау бойынша тапсырмаларды тез шешу және орындау, нысандардың тұрақты жұмыс жасап тұруын қадағалау, сонымен қатар авариялық-құтқару жұмыстары мен авариялық-құтқару құрылымдарының әскери дайындығын жетілдіру бойынша көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, өңірлік және басты төтенше жағдайларды жою, өңірдегі құрылыс нысандарындағы өрт қауіпсіздігі жағдайына мемлекеттік бақылау жүргізу, азаматтық қорғау жөніндегі іс –шараларды ұйымдастыру бойынша тапсырмалар орындалуда»,-деді Қуанар Базарбаев.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ