Аймақ басшысы Алик Айдарбаев облысқа іс-сапармен келген «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының бас директоры Ренато Маролиді қабылдады. Кездесу барысында аймақтың әлеуеті сөз болып, мұнай-газ саласына қызмет көрсететін бірқатар маңғыстаулық кәсіпорындардың жұмысы мен өнімі таныстырылды.
- Біздің облыста мұнай-газ секторы жетекші болып табылады. Сондықтан басқа салалардың кәсіпорындары осы сектордан бағдарланған. Мұнай-газ өндіретін компаниялардың қажеттілігін қанағаттандыру үшін тауарлар өндіреді, жұмыстары мен қызметтерін көрсетеді. Жоғары қысыммен жұмыс істейтін ұңғыларды бұрғылау, күрделі және жерастын жөндеу, мұнай-газ жабдықтарын, мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлеріне арналған арнайы киімдермен, аяқ киімдер шығаратын кәсіпорындар бар. Ақтау қаласы-сервистік компаниялардың қызметі үшін өте ыңғайлы аймақ. Бүгінгі кездесу облыс әкімдігі, «Қарашығанақ Петролеум» және маңғыстаулық кәсіпорындар арасындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің дамуына ықпал етеді деп сенемін. Өңірде жаңадан жұмыс орындарының ашылуына септігін де тигізетін болады,-деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Кездесуде сөз алған «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли кәсіпорын алдағы уақытта өндірістік қуатын ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осыған орай кен орнында атқарылатын жұмыстарға маңғыстаулық компанияларды кеңінен тартуға, қажетті өнімдерді аймақтағы өнеркәсіп орындарынан алуға және өндірістегі жергілікті үлесті арттыруға ниетті екенін атап өтті.
- Қазақстан Республикасының экономикасына серпін беру мақсатында кен орнын игеру кезінде ең соңғы үлгідегі өндірістік технологиялар пайдаланып келеміз. Біздің компания маңғыстаулық компаниялармен жақсы таныс. Біздер Маңғыстауда жұмыс жасайтын әр түрлі металл конструкцияларын шығаратын, құбырлар шығаратын компаниялармен біраз уақыттан бері жұмыс жасаймыз. Енді алдағы уақытта Қарашығанақты кеңейту жобаларын қолға алмақшымыз. Сол жобаларға да маңғыстаулық компаниялардың үлес қосып, біріге жұмыс жасауға шақырамыз,-деді Ренато Мароли.
Елімізде өндірілетін газдың 48%-ы және мұнайдың 15%-ы «Қарашығанақ» мұнай-газ конденсатына тиесілі. Өз сөзінде ҚПО б.в. компаниясының қазақстандық қамту бойынша дамыту менеджері Бақытжан Досқазиев, өткен жылы 11 млн.тонна «қара алтын» өндірілгенін жеткізді. Алдағы уақытта кәсіпорын табиғи газ өңдеу көлемін арттыруды жоспарлап отырғанына тоқталды. Жоба қысыммен жұмыс істейтін түтіктер, металл конструкциялары мен электротехникалық құрылғыларды, темір бетондарды, мұнай-газ құбырларын және ауа құбырларын тасымалдауды қажет етеді.
- Біздің компания қазақстандық үлесті арттыруды тұңғыш болып қолға алған ірі компаниялардың бірі, әрі бірегейі. Компаниямыз өзінің сайтында сатып алу жоспарын салып жүр, бұл-компания жұмысының ашықтығының бірден бір дәлелі. Біздің компания жартыжылдықта қазақстандық компанияларға 280 млн доллардан астам қаражат бөлді. Қазіргі таңда компания тізімінде 3800 қазақстандық кәсіпорын бар. Олардың барлығы да компания жобасын жүзеге асыру үшін тендерге қатысуда,-дейді Бақытжан Досқазиев.
Кездесу барысында «КезБи» ЖШС, Ақтау шыныпластикалық құбырлар зауыты, «Жанарыс», «Жамал-ай» тігін фабрикалары өзінің қызметтерін ұсынды. Түстен кейін қонақтар өңірдегі сервистік нысандарға арнайы барып, қызметтерімен жақын танысты.
Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ