Өскеменде дзюдодан Марат Чегеевты еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізілген жарыстан «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Рамазан Мамаев, Бауыржан Нарбаев, Нұрсая Өтеп және «Толқын» спорт мектебінің балуаны Мейрамбек Әбілдиев топ жарып, жерлестеріне жеңіс сыйлады.
Халықаралық жарысқа еліміздің барлық аймағынан және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен 350 балуан қатысты. Боз кілем үстінде болған белдесуде жерлесіміз 60 келі салмақта Рамазан Мамаев алтыннан алқа тағып, турнир жеңімпазы атанды.
-Жарысқа қатысқан барлық балуандарымыздың дайындықтары жақсы, белдесулерін сәтті аяқтады. Облысқа алтын медальді сыйлаған Рамазан бірінші кездесуде шығыс қазақстандық балуанның жауырынын жер иіскетіп, екінші айналымға жолдама алды. Екінші кездесуде өткен жылы жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанған атыраулық балуаннан айласын асырып, таза жеңіспен келесі кезеңге көтерілді. Үшінші кездесуінде алдыңғы жылы жастар арасында Әлем чемпионы атанған қызылордалық дзюдошыны айқын басымдылықпен жеңді. Төртінші, бесінші кездесулерін де сәтті қорытындылады. Рамазан-қазір нағыз бабында тұрған балуан. Әлі талай белесті бағындырады деп сенемін,-дейді «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.
Жастар арасында самбодан екі дүркін Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Бауыржан Нарбаевтың бұл жолы еншісінде-күміс медаль. Мейрамбек Әбілдиев болса, қоланы қанжығасына байлады. Нәзікжандылар арасындағы белдесулерде +78 келі салмақта жерлесіміз Нұрсая Өтеп қола медальді кеудесіне тақты.
-Жақында Семейде ерлер мен әйелдер арасындағы дзюдо күресінен өткен ҚР-ның чемпионатында да үшінші орынды олжалап, қола медальдің иесі атанған болатынмын. Бұл жолы қырғызстандық, шығыс қазақстандық, алматылық балуандарды айқын басымдылықпен жеңіп, жартылай финалда тағы бір шығыс қазақстандық балуанға есемді жіберіп алдым. Бұл жолы да бұйырғаны қола медаль болды. Жарысқа қатысуыма қолдау көрсеткен спорт мектебімнің басшылығына және мені жарысқа дайындаған бапкерлеріме алғысымды білдіремін. Мен бағындыратын жеңісті сәттер әлі алда деп сенемін,-дейді Нұрсая Өтеп.
Венера МИРЛАН