Қарты бар үй—қазынасы бар үй. Қайсы ұлт болмасын, қариясын қадір тұтпайтыны жоқ. Әр ұлт өкілі атасы мен әжесін өз салт-дәстүріне қарай лайықты бағалап, ілтипат көрсетуінде ғана сәл айырмашылық болмаса, қарияларға деген ізет пен құрмет бірдей. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы бір қастерлі үрдіс келер ұрпаққа да өнеге боп қалуы тиіс. Сондықтан жыл сайын қарттар күні ерекше атаулы күн ретінде атап өтіліп келеді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Халықаралық қарттар күні аясында Достық үйінде игі шара өтті. Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі Ардагерлер кеңесімен бірлесіп ұйымдастырған мерекелік конкурс «Өмір қартайса да, көңіл қартаймайды» деп аталды.
Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Гүлжан Исмурзина ашып, әр ұлттың бір-бір отбасынан келіп отырған зейнеткерлерді құттықтап, өз лебізін жеткізді. Сондай-ақ ақ шашты ата-әжелерді құттықтаған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ақмоншақ Баужанова, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Амангүл Жайлханова олардың дендері сау боп ұзақ өмір сүрулеріне тілектестігін білдірді.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде сайыскерлер жиналғандармен ұлттық дәстүрге сай амандасып, өздерін таныстыруы тиіс болды.
Сахнаға алдымен «Русское землячество» этномәдени бірлестігінің атынан шыққан Галина Погорелова қазақ топырағында дүниеге келгенін айтты.
-Қазір жасым алпыста. Бала шағымнан әр түрлі ұлттар өкілдерімен аралас-құралас болып келемін. Менің отбасым да аралас. Әкем украин, анам орыс қызы. Бұл дәстүрді қызым да жалғастырды. Ол қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Сүйікті де жалғыз күйеу балам қазақ ұлтынан екендігі мақтаныш мен үшін. Олардан бес немере сүйіп отырмын. Үлкен немеремнен шөбере сүйіп отырған бақытты әжемін. Немерелерімнің барлығы туған тілінде—қазақ тілінде сөйлейді. Орыс тілін де жақсы біледі. Құдағиым да жақсы болып тап болды. Ән салғанды жақсы көреді құдағиым. Екеуміз бірге қазақша ән саламыз. «Галина, кел ән салайық», десе болды, екеуміз әндете жөнелеміз,-деген ол «Ақ бантик» әнін шырқап берді.
Галина Погореловадан кейін «Алан» осетин этномәдени бірлестігінен Робинзон Хугае, «Русское землячество» этномәдени бірлестігінен Галина Гикалова, «Булгар» ЭМБ-нен Роза Блохина, «Видергебурт» неміс мәдени орталығынан Галина Иванова мен Лидия Андреева, украин ЭМБ-нен Мария Наумова, ардагерлер кеңесінен Тыныштык Байнеке көрермендер алдында өздерін әдемі әзіл-қалжыңы жарасқан әрі терең мағыналы сөздерімен таныстырды.
Екінші кезеңде әр ұлт өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерінен көрсетті. Үшінші кезеңде олар ұлттық қолөнері мен ән-биін және дәстүрлі тағамдарын назарға ұсынды. Ал «Банктағы есепшот» деп аталған төртінші кезеңде бүгінгі өмірге сәйкес банк мәселесіне арналған тақырыпта ұтымды әзілге жол берілді.
Сайыскерлердің барлығы байқауға тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты. Бірінен-бірі өткен өнер додасында жеңімпаз болған жоқ. Әділқазылар алқасының шешімімен қатысушылардың барлығының жеткен жетістігі бір деп бағаланып, барлығына дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
- Өмірден көргені мен түйгені көп, аларынан берері мол қарттарымыз біз үшін баға жетпес байлық. Олардың қажымас еңбегі, қалдырған мұралары, көрсеткен ізеттілігі, парасатты ойлары құрметсіз қалмауы тиіс. Қашанда олардың ұлылығын ұлықтап, келешек ұрпаққа жеткізу міндетіміз. Ақыл кенін арқалаған аталар мен аяулы әжелерімізді көздері тірі кезінде құрмет көрсетіп, назардан тыс қалдырмай, көңілдерін аулап жүргенге не жетсін,-деді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Амангүл Әбдіғалиқызы.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА