Орталық коммуникациялар қызметі Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Халилұлының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда өңір бойынша жылу маусымына дйындық жұмыстарының жай-күйі баяндалды.
«Тұтастай алғанда, 2016-2017 жылдары қалалар мен аудандарда жылыту маусымына дайындық жұмыстары белгіленген іс-шараларға сәйкес жүргізілді. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар жылу беру маусымына жүз пайыз дайын. Жоспарланған 1439 бірлік тұрғын үйлер толықтай дайындық паспорттарын алды. Бүгінгі күні жылу қуаты 100 Гкал/сағ дейінгі 384 қазандыққа жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар облыс аудандарының негізгі құрал-жабдықтары мен нысандарының жылу беру маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 97 млн. теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Облыс бойынша жылумен жабдықтау желілері 779,6 шақырым қашықтықты құрайды. Оның ішінде 13,82 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша несиелік бюджеттік қаражат есебінен 1042 млн. теңге сомасына 10,4 шақырым жылу желілері бойынша қайта құрылымдау жұмыстары аяқталды. Өңірде жылу беру маусымы 1 қазаннан басталады. Ауа температурасы күрт төмендеген жағдайда жылу беру жұмыстары белгіленген күннен бұрын басталады»,-дейді басқарма басшысы.
Облыс бойынша кернеудегі электр қуаттылығы 0,4 кВ жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 2015,9 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні 629,3 шақырым желі толық жөндеуден өтті. Ал сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындығы 2123 шақырымды құрайды. Оның 22,6 шақырымына жүз пайыз жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өнір бойынша газбен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 2615,1 шақырымды құрайды. Ұзындығы 5 шақырымға жуық газбен жабдықтау желілері күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Өңірде газ құбырларын қайта құрылымдау және жаңғырту, сонымен қатар жаңа құрылыс нысандарын салу көзделген. Жаңа жобалар мен ілкі бастамалар «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 2015-2020 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарламасының аясында орындалады.
Голрох Жеменей