Облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиеваның қатысуымен «Пробация туралы» және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылау бойынша кеңес өтті.
Жергілікті атқарушы органдар өкілдері, өңірлік құқық қорғау органдары қызметкерлері мен сарапшы мамандар бас қосты. Қазақстанда пробацияның шарттық-үкімдік және постпенитенциарлық сатысы жұмыс істейді. Пробация қызметінің мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Бұл бағытта өңір бойынша үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар ауқымды істер атқарып келеді. Мәселен, «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығы түзету мекемелерінен босаған азаматтарды жұмыспен қамту және қоғамға бейімдеу, жазасын өтеп шыққан жандарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысшы мамандықтар бойынша оқыту және біліктілігін жетілдіру бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы қоғам өміріне кіріктіру әрі өмірлік қағидасы мен құндылықтарын қайта қарауға көмектесу бағытында бірнеше жобаларды сәтті жүзеге асырды. Орталықтың БҰҰ Даму бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша түзету мекемелерінен босап шыққан азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және заң тұрғысынан қолдау көрсету шараларын ұйымдастырады.
«Жыл басынан бері Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен тығыз жұмыс жасалуда. Сотталған азаматтар «Рай» әлеуметтік орталығы қызметкерлерінің кәсіби кеңесіне жүгіне алады. Алдағы уақытта құқықтық, психологиялық және кәсіптік тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылады, жазасын өтеп шыққандарға арнайы сертификаттар табысталады»,-дейді орталық директоры Р.Бекманова.
Б.Нұрғазиева жазасын өтеп келгендердің қоғамнан өз орнын табуына, аяқтан тұрып кетуіне көпшілік болып үлес қосу қажеттігін тілге тиек етті. Заңнамадағы толықтырулар бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінің есебінде тіркеуде тұрған адамдарға мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және азаматтар тарапынан қылмыстың қайталануына ықпал ететін факторлардың алдын алу және оларды қысқартуға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсету мүмкіндіктерінің кешенді жүзеге асырылу механизмін жаңғырту мен дамытуда басты рөл ойнайтындығын айтты.
– Өмірде қате басып, сүрінген жандардың өз ортасын табуында, осылайша мемлекеттің саналы азаматы болып қалыптасуына қолдау қажет. Сондықтан, оларды қайта дайындау, оқыту, үшін кәсіпкерлік тұрғыда көмектесу қажет. Оларға білім алуға, мамандық игеруге, жұмыспен қамтылуына, емделуге, сондай-ақ құқықтық көмек көрсетуге жәрдемдесу робация қызметінің есебінде тұрған адамдарды әлеуметтік оңалтудың негізгі механизмі болып табылады — дейді облыс әкімінің орынбасары.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Серік Майемеров