Ақтауда «Investment Days of Mangystau 2016» халықаралық инвестициялық форумы өз жұмысын бастады. Екі күнге жоспарланған форум аясында еліміздің инвестициялық және инновациялық болашағы талқыланып, Маңғыстау облысының ауқымды жобалары таныстырылды. Шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, даму институттары, отандық және шет елдік инвесторлар қатысты. 20 елден жалпы саны 500 қонақ келді. Форумда еліміздің мұнай-газ, транспорттық-логистикалық кешен, инфрақұрылым және альтернативті энергетика, агроөнеркәсіп, құрылыс, туризм саласының даму бағыттары сөз болды. Басты мақсат-аймақтың әлеуетін көрсету, инвестицияны түрлі саладағы нақты жобаларға тарту.
-Маңғыстау облысы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан өндіріспен қатар сан саласы жедел даму үстіндегі бірден-бір аймақ. Биыл Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтетін Қазақстанның экономикасын нығайтуына облысымыздың қосқан үлесі зор, қол жеткізген табыстары да, жетістіктері де аз емес. Дегенмен «барға қанағат айтып» тоқтап қалуға болмайды. Сондықтан осы бүгінгі форум инвестицияларды іздеу және алу, инновациялармен, технологиялармен және оларды қолдану тәжірибесімен алмасуға арналған орталықтандырылған платформа болады деп сенемін. Кез келген инвестиция-экономикалық дамудың қозғаушы күші, ғылыми- техникалық прогресс жетістіктерін енгізіп, инфрақұрылымды дамытудың маңызды факторы. Оның үстіне инвесторлармен бірігіп жұмыс істеу Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген индустриальдық –инновациялық даму бағдарламасындағы басты міндеттірің бірі. Осы орайда Маңғыстау облысының әлеуеті зор, келешегі келісті деп сенемін,-деген аймақ басшысы Алик Айдарбаев форум Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын жылдамдату жолындағы ірі, орта және шағын бизнестің күш-жігерлерін біріктіру аймағы екенін атап өтті.
Форум аясында инвестициялық жобалардың арнайы көрмесі ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге жобаларын ұсынып, инвесторлармен тікелей тілдесуіне мүмкіндік жасалды. Көрмеге қатысушылардың арасында фермер Нұрсұлу Жайынбаева да бар. Ол облыста ауылшаруашылық саласының дамуына үлес қосып, ешкі сүтінен алынатын өнімді нарыққа шығармақ ниетте. Құны-101 млн.теңгені құрайтын жоба қолдау тапса, Ресейден 100 ешкі сатып әкеліп, істі бастап кетпекші. Жоба Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында жүзеге асырылмақ.
-Бұл жоба Маңғыстау облысына өте қажет деп есептеймін. Біздің облыста өзге өңірлермен салыстырғанда жем-шөп тапшы. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен сиыр бақтым. Өте қымбатқа түсті, бір күнде 40 келіге дейін жем-шөп жеуі керек. Ал, ешкіден түсетін пайда көп әрі оған жұмсалатын қаржы да әлдеқайда аз. Ешкі үшін күніне 3 келіге дейін жем-шөп жеу жеткілікті. Біздің жобамыздың қоршаған ортаға алып келер ешқандай зияны жоқ. Жобамыз қолдау тапса, болашақта шағын зауыт салып, ешкі сүтінен бөлек, әр түрлі жеміс-жидектер қосылған био йогурт, ірімшік дайындау да жоспарымызда бар. Жалпы елімізде ана сүтіне пара-пар ешкі сүтіне деген сұраныс қашан да жоғары. Сондықтан да табиғи өніммен облыс тұрғындарынан бөлек, өзге өңірлерді деп қамтимыз деп сенемін. Бағасы да халық үшін қолжетімді болады. Мәселен, мен жақында дүкен сөрелерінен Ресейден шығарылатын бөтелкедегі 1 литр ешкі сүтінің 2320 теңгеден сатылып жатқанын көрдім. Ал, біздің сүтіміз литрі 720-800 теңге аралығында сатылатын болады. Халықтың қалтасына салмақ салмаймыз. Сондықтан да бүгінгі халықаралық инвестициялық форум аясында қаржыландыратын инвестор тауып, жобамызды жүзеге асырамыз деп ойлаймын,-деген фермер Нұрсұлу Жайынбаева жобаға салынатын қаржы бес жылда қайтарылатынын айтты.
Мемлекет басшысы Ұлт жоспарының 57-қадамында туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тартуды атап өткен болатын. Аймақта туризм саласының өркендеуіне үлес қосуды мақсат тұтқан кәсіпкерлер де көрмеден табылды. «Зыба» құрылыс компаниясы ұсынған жоба құны-16,3 млрд.теңгені құрайды. Жоба қолдау тапса, теңіз жағалауындағы он гектар жерге «Sultan Plaza» деп аталатын коттедж қалашығы бой көтермек. Мұнда туристердің төрт мезгілде де демалуына барлық жағдай жасалмақ. Мейрамхана, аквапарк және 50 қайық, кеме қоятын айлақ салу да жоспарланып отыр.
-Біз бұл жобаны қолға алмас бұрын біраз зерттеулер жүргіздік. Үлкен тұрғын үйлер мен зәулім қонақ үйлер тұрғызудан гөрі халық үшін демалатын халықаралық талапқа сай бірыңғай архитектуралық үлгідегі тұрғын үйлер мен мейрамхана, аквапарк салуды жөн санадық. Бұл жоба қолдау тапса, облысқа келіп демалушылардың қатары арта түседі деп сенемін. Жалпы алғанда ашық аспан аясындағы мұражай саналатын, климаттық жағдайы, географиялық орналасуы керемет Маңғыстау облысы туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Сондықтан да біздің жобаға салынатын 16,3 млрд.теңге жеті жылдың ішінде қайтарылатын болады,-дейді «Зыба» құрылыс компаниясының қаржы директоры Малика Юджили.
Аймақаралық ынтымақтастықты нығайту, облыстың инвестициялық даму әлеуетін таныстыру, энергетика, туризм, инфрақұрылым мен ауылшарушылығы салаларында аймақаралық және екі елдің бірлескен кәсіпорындарын құруды мақсат еткен форум аясында бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Форумның екінші күнінде шетелдік қонақтар үшін «Ақтау теңіз порты» АЭА кәсіпорынына барып, жасалған жұмыстармен танысты.
Венера МИРЛАН