Өнердің қай түрі болмасын оны жетілдіріп, шыңдай түспесе, небір дарындардың көрінбей, тасада қалып қоюы ғажап емес. Ал өнерлі жасты тауып, оған қамқорлық жасап, қанаттандыру—ертеңін ойлаған ересектердің міндеті.
Жақында Ақтаудағы «Әлем» арт-галереясында жас суретшілерге арналған шара өтті. Оны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша «Қайсар» әскери-патриоттық клубы Маңғыстау аймақтық лигасы» жастар бірлестігі ұйымдастырды. Ондағы мақсат—жас шеберлерді анықтап, жастар бастамаларын қолдау, олардың қоғамдық өмірге деген белсенділігін арттырып, өз шығармаларын тарата білуге және өнерді танып, бағалай білуге үйрету.
Аталмыш жастар бірлестігі төрағасының орынбасары Зәуре Мұхамеджанова шараны ашып, оның мақсатын түсіндірді және балалардың алдағы байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.
Жиналған ұл-қыздар арт галереяда орналасқан көрмені, қазіргі заман өнері туралы бейнероликтер тамашалады, бірімен бірі пікір алмасты. Кәсіпқой суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Бақытжан Құлбаев өткізген майлы бояумен портрет салу бойынша шеберлік сыныбы оқушылар үшін аса пайдалы болды.
-Бұл балалар—өнер мектептері мен өнер колледжінің оқушылары,-деді Зәуре Тілебалдықызы.-Жастардың басын біріктіретін осындай шаралар олардың танысып, бірін бірі бағалауына, тәжірибе алмасуларына, шығармашылығын шыңдауына септігі тиеді. Сондай-ақ ұлтаралық ынтымақ пен достықты нығайтуда да пайдасы мол. Және күнделікті сабақ беріп жүрген ұстаздарынан бөлек танымал суретшілерден тәлім алғанның да балалар үшін өзіндік әсері бар.
Мұндай шеберлік сыныптары «Натюрморт» және «Пейзаж» бойынша да ұйымдастырылып, балалар бояулар патшалығымен, түрлі әдіс-тәсілдермен кеңірек танысты. Шеберлік сыныптарында дәріс алған жастар таяуда өтетін байқауда бақ сынасып, республикалық байқауларға жеңімпаздар іріктелмек.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА