Жас ұрпаққа білім беру — үздіксіз жалғаса беретін маңызды процесс. Ғылыми-техникалық прогерсс жетілген сайын білім беру саласында өзгерістердің жиі орын алып отыруы заңды да. Әлбетте, өскелең ұрпақты сапалы білім және саналы тәрбиемен қатар сусындатуда ең алдымен ұстаздың алар орны ерекше. Ұстаз ой-өрісі кең шәкіртінің алдында білімдар ұлы тұлғаға айнала алса, ұтқаны.
Жақында «Мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мен жетілдіру оқу-тәрбие үдерісін жақсартудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел басында өткен басқосу атына заты сай болды. Маңғыстау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған шараны қауымдастық төрайымы Сәуле Жақаева ашып, жиналғандарды ұйым жұмысымен қысқаша таныстырды. Көп жылдардан бері өсіп-жетілген қауымдастықта бүгінде бірнеше секция жұмыс істейді. Солардың бірі — «Әйел–Білім» секциясы. Оны ұзақ жылдар бойы білім саласында басшылық қызметте келе жатырған тәжірибелі педагог, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Қатира Боранбаева басқарады.
Дөңгелек үстелді жүргізген Қатира Қарасайқызы мұғалімдердің жаңа формацияда біліктілігін арттыруда педагогикалық шеберлік орталығы филиалы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, өңірімізде 100 тарта мектеп басшылары және 2000-ға жуық мұғалім деңгейлер бойынша өз білімін жетілдірген.
Басқосуда облыстық әдістемелік орталық басшысы Ырысгүл Иманбаева «Педагогтардың үздіксіз кәсіби дамуын жетілдіру» тақырыбында, Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының директоры Жаңагүл Үмбетова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалы директорының орынбасары А.Дюсембаева «Мұғалімнің біліктілігін арттыру–бүгінгі күннің талабы», №4 гимназия мектебінің директоры Алмагүл Баймұхамедова «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында педагогтардың үздіксіз кәсіби өсуі–сапалы білім негізі» тақырыптарында баяндама жасады.
Шараға қатысқан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының іскер әйелдері, Ақтау қаласындағы мектептер мен балабақшалардың директорлары, ұстаздар оқушылардың білім сапасын жақсарту мәселесіне орай өздерін толғандырған сауалдарына жауап алып, пікірлерін ортаға салды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА