Қыркүйектің 30-ы күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қарттарым сізге ізет» бар тақырыбында қариялар мен жас зияткерлердің кездесуі өтті. Қарттар күніне орай «Айтуға оңай» бағдарламасының форматында ұйымдастырылған жиында ақсақалды аталар мен ақ самайлы әжелеріміз туған өлке тарихы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, немерелері туралы айтып, өздерінің білім алған кездерін еске алды.
Кездесуге әр шаңырақтан екі қариядан шақырылды. Оларды немерелері қызыл кілем үстінде, ду қол шапалақпен қарсы алып құрмет көрсетті. Содан соң дастархан басына шақырды. Кураторлар ұлттық киіммен қарияларға қызыл күрең шай құйып, тәттілер ұсынды.
Келелі кездесуді бастамас бұрын мектеп директоры Ермек Пайзов қарияларды мерекелерімен құттықтады.
Сіздердің немерелеріңіз оқитын мектепте сіздерге есігіміз үнемі ашық. Ата-әжелерінің әңгімесін естісін, тыңдасын деген ниетпен шақырып отырмыз. Сіздердей ата-әжесі бар немерелеріңіз бақытты. Бүгінгі кеш сіздерге арналады. Білгендеріңізді осы жердегі немерелеріңізге, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа айта отыруларыңызды сұраймыз, - деді мектеп директоры. Әдемі кешті Исабай Мұратбек «Асыл ана» әнін орындаудан бастады.
Менің атам бар. Ата - отбасының үлкені, ақылшысы. Ол өзінің ата-бабасы туралы көп әңгімелер айтады. Атамның әкесі батыр адам болған. Отан соғысынан оралмаған. Әлі күнге дейін әкесін сағынып, ол туралы бізге әңгімелер айтып береді. Бүгінгі кештің ең басты қонақтары сіздер. Біз бен сізге ақ сүт беріп өсірген аналарымыздың құрметіне арнап «Асыл ана» әнін орындап берейін,-деді ол. Кездесу барысында қарияларымыз алғашқы немересін қолына ұстағандағы сезімі туралы, айтып, бесік жырын, қазақ әндерін орындап, көрермендердің ризашылығына ие болды. Кездесу барысында ақсақал Жамаладдин Исабайұлы көпшілікке танымал «Отпан тау» тарихи-мәдени ескерткішінің құрылысы, ол туралы тарихи деректерді айтып берді.
«Отпан тау» сол кездегі Маңғыстаудың ең биік нүктесі болып есептелетін. Осы Маңғыстау жерін жайлаған халыққа жау шапқан кезде сол жерге үлкен от жағатын болған. Бұл «жау шапты, әскер жиылсын» деген белгіні білдірген. Бүкіл ауылға көргендіктен, батырлар ұрысқа дайындалатын жер. Қазір бұл жер тарихи-мәдени орталық болып есептеледі. Арнайы музейі бар. Жыл сайын кезектесе Амал мерекесін тойлайтын жерге айналды, -деді Жамаладдин Исабайұлы. Кездесуге қатысқан оқушылар үлкендер әңгімесін асқан ыждағаттылықпен тыңдап, өздері шығарған өлеңдерін де оқып берді.
Басса-дағы жүзін әжім қартайып, Мейлі кетсін бойындағы әл тайып. Немере мен шөбере ортасында, Қариялар мәңгі жүрсін шалқайып..., - деп 9-сынып оқушысы Гүлназ Жұмахан жыр шумақтарын төкті. Сондай-ақ, вальс биленіп, күй мен ән тыңдалды.Кеш соңында қариялар мектеп ұжымына әдемі кеш үшін алғыс білдіріп, жиналғандарға бата берді.
Қазіргі таңда білім беру жүйесі өзгеріске ұшырады. Білім мен технологияның даму қарқыны күшті болғандықтан болар, тәрбие беру жағы кейде қалып бара жатқанын байқаймыз. Мұндай кездесулер балаларды жақсылық жасап, отбасындағы үлкендерді, қарттарды құрметтеуге баулиды деп үміттенеміз. Ақсақалын қадір тұтып, құрметтеген мектеп ұжымы мен оқушыларына рахмет, -деді жиырма жыл ұстаздық еткен Сисен Боқыбаев. Кеш соңында балалар ата-әжелерін шығарып салды.
Ал, қазанның 1-і күні оқушылар Маңғыстау облыстық қарттар үйіндегі қарияларға мерекелік концерт қойды. Екінші жыл қатарынан өткізілген шараны қарттар үйінің тұрғындары жылы лебізбен қарсы алды.
- Мектебіміздің оқушылары өткен жылы да қарттар күніне орай осындай концерт өткізген еді. көрермендеріміз оқушыларымыздың өнеріне көңілі толып, биыл да келдік. Бұл біздің жастарымызды, өсіп келе жатқан жас ұрпағымызды үлкенге қамқорлық көрсетуге тәрбиелеп, оларға түсіністікпен қарауға көмектеседі деп ойлаймыз, -дейді жобаны ұйымдастыруға жауапты мектеп директорының орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Мерекелік кеш барысында "Керемет" би үйірмесінің қыздары мың бұралып қазақ биін билесе, "Гитара" үйірмесінің оқушылары "Анашым" әнін тарту етті. Кейін мектеп директорының орынбасары Бахытгүл Жақсылықова зияткерілк мектеп оқушысы Райымбек Ақкөлұлымен "Калинка" биін орындады. Әдемі кеште қариялар оқушылармен би билеп алғыстарын жаудырып, жаңа жыл мерекесінде күтетіндіктерін айтты.
Сонымен қатар, мектеп ұжымы қарияларға өздері әкелген тәттілерді тарту етті.
- Мен қарттар үйіне алғаш рет келіп тұрмын. Оларға біздің оқушылар концерт қойып көңілін аулағанына қуаныштымын. Барлығымен амандасып шықтым. Алдағы уақытта да қарттарымызға жиі келіп тұрамын деп шештім, -дейді 9-сынып оқушысы Ақниет Сейітжанова кеш туралы.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі