Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған бокстан ІХ халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан, Ресей, Өзбекстан, Белоруссия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан мемлекеттерінен 118 шойын жұдырықты боксшылар қатысып, бақтарын сынады. Жарыстың салтанатты ашылуына аймақ басшысы Алик Айдарбаев, Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов, Ш.Бөлтекұлының шәкірті Серік Әбдінәлиев, спорт журналисті Несіп Жүнісбай қатысқан болатын.
Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы Маңғыстау облысы Жармыш ауылында дүниеге келген. Отызыншы жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетiмдер үйiнде оқып, орта мектептi бiтiрген. Қазақ боксының атасы атанған Ш. Бөлтекұлы-ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушысы, КСРО спорт шеберi атанған тұңғыш қазақ.
-Шоқыр Бөлтекұлы-қазақ жерiнде әуесқой боксты үйретудi алғашқы болып қолға алған ұстаз, елімізге бокс қолғабын арқалап келген адам. 1954 жылы Алматы қаласында Шоқыр ұстазымның қоластына келіп, бокспен айналыстым. Осындай ұстаздан дәріс алып, шеберлігімді шыңдап, шәкірті болғанымды мен әрдайым мақтан тұтамын. Ұстазымды еске алуға арнап Ақтауда халықаралық деңгейде турнир ұйымдастырып отырған азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары деп бағалаймын,-дейді біздің басылымға берген сұхбатында Ш. Бөлтекұлының шәкірті Серік Әбдінәлиев.
Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшылардың тартысын маңғыстаулықтартар бес күн бойы 1 шағынаудандағы «Каспий» спорт кешенінен тамашалап, жерлестеріне жанкүйер болды. Додада аймақ намысын 20 спортшы қорғады.
Жарыстың қорытындысында 49 келі салмақта ақмолалық Теміртас Жүсіпов, 52 келі салмақта маңғыстаулық Азамат Исақұлов, 56 келі салмақта маңғыстаулық Махмут Альмұхамед, 60 келі салмақта маңғыстаулық Сұлтан Шаршов, 64 келі салмақта оңтүстік қазақстандық Абдухалил Балтиев, 69 келі салмақта өзбекстандық Степан Партнов, 75 келі салмақта астаналық Мағжан Амангелдиев, 81 келі салмақта ресейлік Имам Хатаев, 91 келі салмақта маңғыстаулық Базарбай Мағжан, аса ауыр салмақта қызылордалық Қамшыбек Қонақбаев жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тақты. Жалпы алғанда Маңғыстау облысының қоржыны 4 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен толықты.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН