©
Маңғыстау қазақтарының өткен тарихына үңілсек, әр заманда да ел ішінде батырлығымен, ақпа-төкпе ақындығымен, бәтуалы билігімен, сақилығымен, сән-салтанат байлығымен өзіндік із қалдырған тарихи тұлғалар мен белгілі азаматтар аз болмаған.
Заманында атағы Маңғыстаудан асып, есімі ел жадында қалған адамдардың бірі – Сердалы Дәрментайұлы Бекес болыс болғандығын бүгінгі жас буын ғана емес, кейбір аға буын өкілдері де біле бермейді. Себебі, «дүниенің басы – сайран, түбі – ойран» демекші, барында шалқыған байлық-дәулетімен, қайырымдылы-ғымен берісі - Маңғыстау мен Жаңғақтың ойына, әрісі - Бесқалаға аты мәлім болған Бекес болысты «бай-көпес», «кеңес өкіметі мен халықтың жауы» деген жаламен «қызылдар» 1931 жылы тұтқындап, Ашхабаттың түрмесінде азап пен аурудың салдарынан қайтыс болған. Жерленген жері де қазірге дейін белгісіз. Негізінен Шағадам, Небиттау, Жебел өңіріне қоныстанып қалған ұрпақтары қуғын-сүргіннің зардабын тартқан.
[caption id="attachment_11057" align="aligncenter" width="640"] Шағадамдағы Бекестің үйі. ХХ ғасырдың басында салынған[/caption]«Арғы атамды сұрасаң, дулығалы қара нар дейді, үстінде қызыл мұнар қаптаған, мінезі асау кісі екен, тіресер жерге келгенде текке қарап жатпаған. Бергі атамды сұрасаң, Айладыр менен Адайға болыс болып ел билеп, атақ-даңқын асырған... Қалың Адай ішінен бірінші тастан там салып, Шағадамды жайлаған. Қырдағы менен ойдағы ат басын бұрған үйіне, игі жақсы-жайсаңға мейман деп төрін сайлаған... Дәурені баста тұрғанда әр ру елден бала алып, отау тігіп бөлектеп, жоқ-жітікті демеген». – Бұл Бекестің Нұрберген деген баласының әйелі, болыстың келіні, 1924 жылы туған Ақбөпе әжеміздің өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары шығарған жыр-толғауынан үзінді. Қазірде кейуана Ақтау қаласында тұрып жатыр.
Кейіпкеріміздің шыққан ататегіне тоқталып өтелік: Адайдан – Құдайке, одан Қосай, оның алты баласының бірі – Байбол. Байболдан - Есембет, Есенғұл, Мәмбетқұл, Кәдір (Жұлдыз), Рыс есімді бес ұл тарайды. Соның Есенғұлынан - Есек, Өрезек, Нұрбай, Еміл, Қоңыр атаулы бес рулы ел өрбиді. Соңғысынан, яғни Қоңырдан - Боран, Бертіс, Киікбай. Боранынан - Тіналы, Байжігіт, Қатеп, Жәмеңке, Сердалы. Шежірені одан әрі өрбітсек, сол Сердалының Байкөбек, Жанкөбек, Қал, Бозай деген ұлдары болған. Жанкөбектің Жолымбетінен үш бала - Шолақ, Ақша, Бекжан. Соның Шолағынан - Дәрментай, Қарақай, Ертай (Төре), Бортай, Атамұрат болып тарқатылады. Ал, Дәрментайдан (1840 ж.ш.т.) Бекес (1875 ж.ш.т.) пен Сұлтан атты екі бала туылған. Бекестен Омар мерген (1902 – 1931), Аманқос (1905 ж.т.,), Аушан (1907 ж.т.), Нұрберген (1919 ж.т.). 1927 жылы жиырма екі жасында науқастығынан қайтыс болған Аманқос пен әкесімен бірге тұтқындалып, итжеккенге айдалған Аушаннан (1938 ж. өлді деген дерек айтылады) орын жоқ. 1931 жылы мамыр айында қазіргі Түркменбашы этрабының (бұрынғы Красноводск ауданы) Аққұйы, Ерікті деген елді мекенінде қызыл әскерлермен қарулы қақтығыста қаза тапқан Омар мергеннен Жамал, Нұрәділ, одан Көшкінбай, Сабырғали, Нұрлан. Сабырғали қазірде Ақтауда, Көшкінбайдың Мақсаты банк, қаржы саласының білгір маманы, Алматы қаласында тұрады. 2008 жылы осы Ақтау қаласында қайтыс болған Нұрәділ Аманқосов көп жылдар Түрікменстанда мал шаруашылығы саласында есепші маман, мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бірнеше жыл еңбек еткен және кейінгі жылдарда Жебелдегі тұз өндіру кәсіпшілігінде бас инженер, бас есепші қызметін зейнеткерлікке шыққанға дейін абыроймен атқарған. Нұрбергеннен - Аня, Абай, Шымбай, Лида, Бекес (Аташ), Ерке, Жарас. Небиттау, Жебелдегі тұз өндіру кәсіпшілігінде, нан комбинатында, басқа да бірқатар мекемелерде басшылық қызмет атқарған Абай Сұлтанов 42 жасында 1994 жылы көз жұмған. Төрт баламен жесір қалған әйелі, руы Бәли Қитанқызы Балбибі ұл-қыздарын жетістіріп, қатарға қосты. Сол Абайдың ұлдары Жошыхан мен Манас жоғары білім алып, бүгінде Маңғыстау облысында құқыққорғау саласында жауапты қызметтер атқарып жүр. Облысымыздағы Маңғыстау, Түпқараған аудандарының прокуроры болған, соңғы жылдарда Ақтау қаласы прокурорының орынбасары болып қызмет істеп, зейнеткерлік демалысқа шыққан Шымбайдың Ілияс, Бекболат есімді екі ұлы ержетіп, қызметте жүр. Бекестен (Аташ) – Шоң, Жарастан – Досбол, Есбол, Ербол есімді үш бала, барлығы да мұнайгаз саласында абыройлы жұмыс жасауда. Бүгінде Бекес болыстың ұрпақтары түгел дерлік Маңғыстауда тұрады және арасында әртүрлі салада жауапты қызметтерде істейтін азаматтар баршылық. Лиданың жолдасы, руы ысық Муса Жылқышыұлы – мектеп директоры, Еркенің күйеуі, еспембет руынан шыққан білімді азамат Сейітахмет Байқуанұлы жауапты қызметте істеп жүр.
Ал, Бекес болыстың ата-бабалары қоныстанған жерлері Маңғыстау өңірі, соның ішінде Бейнеу мен бүгінгі Қарақия ауданы аумағы және Шағадам шаһары.
– Атамыз Дәрментай дәуірінде бірнеше жыл Маңғыстауда болыс болып, ел билеп, атақ-беделі біраз жерге белгілі болған адам. Жерленген орны – Қарақия ауданына қарасты Бірқарын деген жердегі ескі қауымда, – дейді оның ұрпағы, ұзақ жылдардан бері заң саласында лауазымды қызметтер атқарған Шымбай Нұрбергенұлы. – Әкемізден балалау кезімізде «Дәрментай аталарың Маңғыстауда – Бірқарын деген жерде жатыр» дегенді естіп, сол жерді тауып, атамыздың басына барып, зиярат етсек қой деп армандайтынбыз. Көп жылдар бойы сұрастыра жүріп сол жерді Жаңаөзенде тұратын мың жасағыр бір жасы үлкен кісінің көмегімен тауып, бір арманымызға жеттік-ау! Аталмыш қауым Жаңаөзен қаласынан шығыс бетте 227 шақырым, ал Сайөтестен оңтүстік-шығыс бағытта 186 шақырым қашықтықта орналасқан. Аласалау дөңнің басындағы әртүрлі ру өкілдері жерленген көне қауымда Дәрментайдың еңселі күмбезтамы бар (суреті беріліп отыр). Заманында нағыз шеберлердің қолымен тұрғызылған күмбезтамның қабырғалары табиғи тас плиталармен көмкеріліп, сыртқы беті қарасұр, жасыл түсті сырлы бояулармен, ою-өрнектермен безендірілген. Күмбездің жоғарғы бөлігі дулыға үлгісінде жасалып, әйкелтасымен бірге бастапқы күйінде қазірге дейін жақсы сақталған. Сырларының өңі әлі күнге дейін кетпегендігіне қарағанда байырғы шеберлер сапалы материал дайындаудың сырын жақсы білген-ау деген ойға келдік. Күмбезтамда: «Салдырған - інісі Төре болыс. Опат болған Түрікменадай Шолақ баласы Дәрментай. Хатты жазған - Ақпан Мәмбетнияз молда, ақысына 1000 манат (сол кездегі), 25 қара, 2 пұт шай, 5 пұт шекер берілді» деп араб әріптерімен жазылған. Қорымдағы тамдар мен құлпытастарда Адайдан да басқа Шөмекей (Әлім), Төртуыл-Табын руларының таңба белгілері кездеседі.
Көнекөз кісілердің айтуынша, шамамен 1875 жылдар шамасында дүниеге келген Бекес әкесі Дәрментайдан 7 жасында жетім қалған. Ол он алты жасқа толған кезде, әкесінің інісі Ертай (Төре) болыс талабы мен қабілеті зор баланы болыстыққа ұсынып, қолдаған. Қырда мыңдап мал айдаған, Шағадамнан керуен сарайлы тас үй салып, орыс, парсы көпестерімен сауда жүргізген Сердалы Бекес бай біраз жылдар Красноводск уезінің негізінен Түрікменадай тайпасынан тарайтын ауылдардың басын біріктірген 5-ші Адай болысын басқарған. Балаларын орысша оқытқан. Өзінің туған баласы Омар мерген сәйгүлік мініп, сән-салтанат құрып, негізінен қырдағы мал шаруашылығы жағына қараса, қаладағы сауда-саттық ісі мен қилы қызметке тегі қарақалпақ деп айтылатын Оспан есімді асыранды баласы қараған.
Сердалы Бекестің байлығы туралы әйгілі түрколог ғалым Ғұбайдолла Айдаров айтқан бір әңгімеде: оның бәстескен құрдасының көзін жеткізу үшін сол кездегі орыс ақшасын отын ретінде жағып, қозының етін пісіріп бергендігі айтылады. Тағы бір ескілікті әңгімеде оның тек қойдың мыйын ғана жейтіндігі сөз болады. Бекестің мінезі қаттылау кісі болғанымен, қолы ашық, ел арасындағы талай жоқ-жітікке көмектескен, қайыры мол адам болған деп айтылады. Маңғыстау халқы қашаннан Шағадам атаған Түрікменстанның Красноводск (бүгінгі Түрікменбашы) қаласынан Қазан төңкерісіне дейін тастан жерүй салған тұңғыш қазақ та сол Дәрментайдың Бекесі дейді көнекөздер. Жергілікті қазақтар «Бекестің тамы» деп атаған, қала орталығында қонақүйі, қоймасы, қора-сарайы бар он шақты бөлмелі үй болған. Сол үй қырдан сауда жасай келген қазақтар аялдайтын бірден-бір орын болған. Арада аласат заман туып, билік ауысып, қалада кеңес өкіметі орнаған соң, оны бастапқыда кеңсе, кейін қазақша білім беретін мектеп үйі ретінде пайдаланған. 1932 жылы сол мектепке бірінші сыныпқа барғандығы және бірінші мұғалімі, Оразмағанбет ахуннан сауатын ашқан Табынай Мұқан Алагөзов болғандығы жөнінде белгілі түрколог ғалым Ғ.Айдаров өз естелігінде айтатын. «Балқан тауға барған ел» (Алматы, Бабамұра-М, 2006, 183-184 беттер) атты жинақта тұңғыш рет жарияланған Бекес тамының суретін де сол кісінің архивінен алғанбыз. ХХ ғасырдың 80-жылдары Бекестің тамы бұзылып, оның орнына заман талабына лайық жаңа еңселі №3 қазақ орта мектебінің ғимараты салынды. Алғашында Сәду Оңғалбаевтың құрметті есімін көтеріп, Маңғыстаудың сол қайраткер перзенті 1937 жылы жазықсыз ұсталып, атылып кеткеннен кейін атауы өзгерген білім ордасынан түлеп ұшқан мыңдаған шәкірттері жоғары білім алып, халық шаруашылығының сан саласында табысты еңбек етті және мұнайлы Маңғыстауды түлетуге дайын ұлттық кадрлар ретінде елеулі үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн. Осылай, кезінде Бекес болыстың жекеменшік үйі болған ғимарат кеңес өкіметі меншігіне өткеннен кейін де көптеген қазақтардың игілігіне қызмет етті.
Ақиқатында дәуірінде елге билігі жүріп, дәулеті асқан Бекес байдың өмірі мен қызметі туралы қолда бар деректер әзірге мардымсыз. 1931 жылы жазда Терісаққан құдығының басында уәделесіп, сол жылы қыркүйек айында бірігіп қызылдарға қарсы күрескен қазақ пен түрікменнің қарулы қолы соңғы табан тіреген бекінісі Шағыл құдығының басында қырғын айқас болған. Екі жақтан да көп адам шығын болған. Красноводскіден келген мехотрядтың командирі Ламанов Иван Иванович (1898-13.9.1931), сол ұрыста оқ тиіп өлген. Әрине, соғыс өнерін жақсы меңгерген, қолдауы күшті, әрісі Тәшкен мен Ашхабаттың бұйрығы бойынша әрекет еткен, қару-жарағы сай қызылдар жеңеді. Кеңес әскерлері аэроплан мен танкетка сияқты соғыс техникаларын қарсы қолданған. Бір танкетканы басмашылар өртеп жіберді деген дерек те сақталған. Сонымен, Ахмет бек басшылық жасаған қазақ-түрікмен қолы жеңіліс табады. Сол жерде тірі қолға түскен басқа да басшылармен бірге Бекес болыс та тұтқындалады. Ақырында, «халық жауы», «бандының басшысы» деп айыпталған Бекес Дәрментайұлы Ашхабат түрмесінде қайтыс болған. Аман қалған ұрпақтары қудалау көргеннен соң, ол жайында өзара жасырын болмаса көп әңгіме ашық айтылмай, тыйым салынған тақырыпқа айналады.
Жаңа заман, кеңестік көзқарастың әсерімен оған қатысты тақырып зерттелмей, тіпті көзкөрген замандастары өмірден озған соң да бұрын аңыздай етіп айтылатын әңгімелер ел жадынан өше бастаған. Көп жылдар болыс болып, Маңғыстау мен Шағадамды қатар жайлаған Бекес Дәрментайұлына қатысты мұрағат деректері мен оның фотосуреті Красноводск және Ашхабат қалаларының архивінде сақталғандығы сөзсіз. Ондай құнды құжаттарды қолға түсіріп, тарихын түгендеу бүгінгі ұрпақтарының еншісіндегі істер деп білеміз. Бұл бағытта Бекес болыстың немересі Шымбай Нұрбергенұлы мен шөбересі Манас Абайұлының, басқа да ұрпақтарының соңғы жылдардағы ізденістері аяқсыз қалмас деп үміттенеміз.
Соңғы жылдарда жарық көрген «Бейнеу» атты тарихи-танымдық кітаптан (88-бетінде) аз да болса жоғарыда сөз еткен Бекеске қатысты мәлімет таптық. Онда Бекесқазған құдығы – Бейнеу – Маңғыстау темір жолы бойындағы №2 разъезден 4-5 шақырымдай жердегі бірнеше құдықты қаздырған Түрікменадай руының белгілі байы Бекес екендігі және сол құдықты қазған құдықшы, руы Бегей Мәмішке ат мінгізіп, 200 бойдақ қой бергендігі туралы жазылған дерек бар. Сондай-ақ маңғыстаулық белгілі ақын Сәттіғұл Жанғабылұлының заманында Бекес байға қатысты шығарған төмендегі өлең шумағын да келтіре кеткеннің бөтендігі болмас:
«Жоғарыда жүрген Байболдың Былтыр көрдік Бекесін, Көре алмай жүрген екенбіз Салтанатты байдың көкесін. Ол да берді суырып, Он қадақ шай мен бір атты, Жұлдырған соң сөздің шекесін...».Жаңғақтың ойын жайлаған жасы үлкен кісілердің аузынан сирек те болса естіліп қалатын осы мазмұндас жыр шумақтарының жоғарыда келтірілген нұсқасын осы күнге дейін Шағадам шаһарында тұратын, жасы тоқсаннан асқан руы Олжашы Жеменей Әбді молдадан естіп, қағазға түсірген көршісі, шығыс жекпе-жегінің шебері, белгілі бапкер, руы Байбоз Аманғали баласы Мұхтар (марқұм) еді. Жоғарыда айтылғанға ұқсас шумақты Бегендікұлы Сүгір жырау шығарған деп айтушылар да бар. Қалай болғанда да оны сол аузы дуалы қос ақынның бірі айтқан.
Мұхтар Қожаев кешегі кеңестік кезеңде тыйым салынған каратэ спортымен шұғылданып, кейін бапкерлікпен айналысқан ұлтжанды азамат еді. Өкініштісі, өмірден ерте өтті. Оның баптаған шәкірті әрі інісі Ержан Қожаев Азия чемпионы атанды, талай халықаралық жарыстардың жеңімпазы, жүлдегері атанды. Тарихшы, журналист Сұлтанбек Құдайбергенов құрастырған белгілі ақын, жыршы, руы Қырымқұл Ұзақбай Қазжанұлының «Менің атым – Ұзақбай» атты 2011 жылы «Бабамұра – М» баспасынан жарық көрген шығармалар жинағындағы жыр-толғауларда Дәрментайұлы Бекеске қатысты айтылған мадақ жолдар кездеседі.
Өришан, Сәуле, Жаңабай, Тұрмағамбет, Дауылбай - Атақты билер көп өткен, Қосай деген ауылда-ай. Дәрментайдың Бекесі – Әрі би де, әрі бай. Ерлік пенен мырзалық, Бәріне де болған сай... Мырзалар өткен найқалып, Дәрментайдың Бекесі – Мырзалығы білінген, «Мен – Адайға» байқалып. Кім нанады жел сөзге, Төгілген күні шайқалып?!.(«Менің атым - Ұзақбай», Алматы, «Бабамұра - М», 2011 жыл, 239-240 беттер)
Бұрынғы кеңестік идеология мен компартия таңған қатал саясаттан құтылған бүгінгінің көзқарасы бойынша Бекес болыс дәуірінде қолда бар байлығы мен билігін тек жеке қара басының қамы үшін ғана емес, қолдауға зәру талай қазақ бауырларының тұрмысын түзеуге, өнер адамдарының абыройын көтеруге де жұмсаған адам екендігін айтуға тиіспіз. Сондай-ақ, ол сол кездің өзінде замана ауанына қарай мал өсірумен қатар отырықшылық пен сауда-саттықты жолға қоюға, қыр қазақтарының қалаға шоғырлануына белгілі бір деңгейде өз үлесін қосқан, бұқара халыққа пайдасы тимесе, залалы тимеген адам. Қазақ халқының тарихын қайта қарау күн тәртібіне қойылып жатқан бүгінгі кезеңде қазақ-түрікменге бірдей аты белгілі болған бай, болыс – Бекес Дәрментайұлына қатысты сақталған мұрағат деректері зерделеніп, ол туралы ел аузында қалған әңгіме-деректер жинақталып, дұрыс тарихи бағасы берілуі қажет.
Сердалы Дәрментай мен оның баласы Бекес болыстың және оның ұлы Нұрбергеннің рухын еске алып, тағзым ету ниетімен ұрпақтары 2011 жылы қазан айында Ақтауда ас-садақа берді. Аталар рухын ардақтаған ағайынға: «Ас-садақаларыңыз қабыл болсын!» дейміз.
МҰРАТ ЖЕТЕКБАЙ