Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және 1-қазан халықаралық қарттар күніне орай облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде дойбыдан жарыс өтті. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйытқы болуымен өткізілген шараға интернат тұрғындары белсенді қатысып, топ жарған жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ қарттар үйінің тұрғындарын «Ардагер дәрігерлер ассоциациясы» облыстық филиалының төрағасы Сәбит Кузанов пен №1 Ақтау қалалық емханасының дәрігерлері жеке қабылдап, дәрігерлік тексеруден өткізді.
-Бүгін облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернатта дойбыдан жарыс өткізіп жатырмыз. Спорттық жарыстар бұған дейін денсаулық фестивалі аясында ұйымдастырылған болатын. Ол кезде қарттарымыз дойбы, шахмат ойнап, 100 метр қашықтыққа жүгіруден және мүгедектер арасында қоларбамен жарысты. Сонымен қатар бүгін қарттарымызды дәрігерлеріміз тегін тексеруден өткізуде. Ардагер дәрігерлер ассоциациясы» МОФ төрағасы Сәбит Кузанов қарттардың денсаулығын жаңа заманауи аппарат арқылы толықтай тексеріп, 3-6 минуттың ішінде тексерудің нәтижиесін қағазға шығарып беріп отыр,-дейді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Бану Ұзақбаева.
Бүгінгі таңда облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйін 40 пен 91 жас аралығындағы 100 қарт паналайды. Оның 44-ін әр түрлі топтағы мүгедектер құрап отыр.
-Қарттардың денсаулықтарын тексердік. Көбінесе ер азаматтардың отадан кейінгі жағдайын қарадым. Әйел азаматтардың басым көпшілігінде аяқтағы көк тамырдың кеңеюі (варикоз) көп кездесті. Аяқта қанайналым бұзылысы-негізінде аяқ артериясының немесе көктамырдың әртүрлі себептерден зақымдалуынан, тамырдың бітелуі немесе тарылуы әсерінен қанмем қоректенуінің бұзылуы салдарынан болады. Қазіргі кезде еңбекке қабілетті әйел адамдарда жиі кездесетін жағдай. Науқастарға қан айналымын жақсартатын дәрілер, әр түрлі жақпа майларды тағайындап, жазып бердім. Қосымша онкохирург маманнан кеңес алу керектігін ескерттім. Жалпы алғанда қарттарымыздың денсаулықтары жақсы,-дейді №1 Ақтау қалалық емханасының хирург-дәрігері Жақсыбек Карабаев.
Тартысты өткен спорттық жарыстың қортындысында дойбыдан І-орынды Тәуекел Құлмағанбетов иеленді. Екінші және үшінші орындарды Амангелді Жексенбаев пен Эдуард Багирян өзара бөлісті.
-Дойбыдан өткен жарысқа осымен екінші рет қатысып, екеуінде де бірінші орынды еншілеп отырмын. Жарыс жеңімпазы атанғаныма өте қуаныштымын. Қарсыластарымның барлығы да өз деңгейінде ойнады. Бізге көңіл бөліп, осындай спорттық жарыстар ұйымдастырып, дәрігерлік тексеруден өткізіп жүрген қамқор жандарға ризашылығымды білдіремін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі құтты болсын! Мемлекетіміз ғұмырлы болып, бейбіт заманда ұрпақтарымыз бақытты ғұмыр кешсін,-дейді 70 жастағы ақсақал Тәуекел Құлмағанбетов.
Венера МИРЛАН