Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы 2016 жылдың жартыжылдық қорытындысы бойынша перинаталды орталықтар мен перзентханалардың рейтингісін шығарды. Орталық мамандары еліміздің 28 перзентханасына баға берді. Олардың арасынан Ақтау қалалық перинаталдық орталығы төртінші орынды иеленді. Жыл бойына жемісті еңбек етіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген ұжымның еңбегі республикалық рейтингте жоғары бағаланды.
Жалпы республикалық рейтинг бойынша №1 Алматы қалалық перинаталдық орталығы көш бастап тұр. Екінші орынды Алматы қалалық балалар кардиохирургия және перинаталдық орталығы мен Алматы қалалық №5 перзентханасы еншіледі. Үшінші орыннан Алматы қалалық №4 перзентханасы мен қалалық перинаталдық орталық көрінді. Төртінші орынға Ақтау қалалық перинаталдық орталығы тұрақтады. Жалпы рейтинг медицина ұйымдары қызметін жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында жасалады.
-Еліміздегі қалалық перзентханалардың арасында биылғы жарты жылдықтың көрсеткіші бойынша төртінші орынды иеленудің өзі үлкен жетістік деп бағалаймын. 28 мекеменің арасынан төртінші орыннан көрінгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл ұжымдағы ауызбіршілік пен табысты еңбектің жемісі деп есептеймін. Жалпы перзентханалар мен перинаталды орталықтардың рейтингісі ана өлімінің орын алмауы, сәби өлімі, босану жарақаты жағдайларын болдырмау және тағы басқа критерийлар бойынша сараланды. Жарты жылдықта біздің орталықта ешқандай ана өлімі тіркелген жоқ, кесір тілігімен босану көрсеткіші де өте аз,-дейді Ақтау қалалық перинаталдық орталығының директоры Ғалия Махимова.
Жыл басынан бері Ақтау перинаталдық орталығында 4320 сәби дүниеге келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 826 нәрестеге артық. Оның 26-сы егіздер, 2015 жылы-9 болатын.
Венера МИРЛАН