Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың өкімімен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып Байжанов Бекболат Кустутунұлы тағайындалды.
Байжанов Бекболат Кустутунұлы-1978 жылы дүниеге келген, ұлты-қазақ. Білімі жоғары. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын «дене шынықтыру мұғалімі, спорттан жаттықтырушы» мамандығы бойынша, 2004 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті магистратурасын «педагогика»мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алғашқы еңбек жолын 2003 жылы Алматы қаласындағы «№ 15 физикалық дайындықтың балалар және жасөспірімдер клубы» МКҚК-де оқытушы-жаттықтырушы қызметінен бастаған. 2004-2006 жылдар аралығында Ақмола облысының Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы Спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының спорттан әдіскері және Степногорск қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып жұмыс жасаған.
2006-2012 жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт комитетінде жазғы олимпиадалық спорт түрлері бөлімінің бас маманы, жазғы олимпиадалық спорт түрлері басқармасының бас сарапшысы және бұқаралық спорт басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарған. 2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінде дене шынықтыру департаменті директорының орынбасары болып еңбек еткен.
Соңғы жұмыс орны–ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті, бұқаралық спортты және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту басқармасының басшысы қызметі.
Венера МИРЛАН Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН