©
Облыс орталығында көркем гимнастикадан «Жастар» спорт мектебінің жүлдесіне арналған турнир өтті. Жарысқа қатысқан Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданының гимнасшылары жекелей және топтық жаттығу бойынша бақтарын сынады. 7 мен 12 жас аралығындағы гимнасшылар музыка сазымен лента, доп, шеңбер арқылы гимнастикалық жаттығулар жасап, би билеп, өнерлерін ортаға салды.
Салауатты өмір салтын насихаттап, талантты жастарды қолдау көрсетуге бағытталған турнирдің ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшысы Бекболат Байжанов, еліміздің көркем гимнастикадан мемлекеттік жаттықтырушысы Екатерина Панченко, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов қатысып, аруларға сәттілік тіледі.
- Облыста спортты дамыту бағытында осындай жарыстардың ұйымдастырылып отырғаны мені қуантып тұр. Жастардың уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын сақтау, елімізде көркем гимнастиканың дамуына үлес қосу үшін мұндай жарыстардың жиі өткізіліп тұрғаны құптарлық жағдай. Барлық жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Талантты қыздарымыз топты жарып, жеңіс тұғырынан көрінсін, -деді Бекболат Байжанов.
Спорттағы сұлулық дегенде, алдымен ауызға көркем гимнастика ілігетіні сөзсіз. Ерекше киім үлгісі, әдемі жүріс, ырғақпен қозғалу. Мұның барлығы-дәл осы спорт түріне тән. Сондықтан да болар, қызының көркем гимнастикамен шұғылданғанын қалайтын ата-аналар саны аймақта да күн санап артып келеді екен.
- Бүгінгі жарысқа алғаш рет қатысып, бақтарын сынап жатқан көркем гимнасшыларымыз да бар. Олар Жаңаөзен қаласынан келген қонақтарымыз. Жалпы жарысқа 40-тан астам гимнасшы қыздарымыз қатысып, өнер көрсетуде. Барлығының да дайындықтары жақсы. Аруларымыз тек гимнастикамен айналысатынын көрсетіп ғана қоймай, әр түрлі билерді алып шығуға қабілеттерінің зор екенін көрсетуде. Жарыстың мақсаты-аймақта көркем гимнастиканы дамыту, жас гимнасшылардың спорттық шеберлігін шыңдау, достық қарым-қатынасты нығайту және өзара тәжірибе алмасу. Жалпы жарысқа Ақтау қаласынан «Жастар», «Динамо», «Арт лайф» командалары және «Жаңаөзен», «Мұнайлы» командалары қатысуда, - дейді «Жастар» спорт мектебінің көркем гимнастикадан жаттықтырушысы Бибігүл Ерназарова.
Жарыс қорытындысында жас ерекшеліктеріне сәйкес Қарлығаш Кәрімхан, Саржан Эркебаева, Адия Киржан, Кәусар Жұмабай, Фатиха Дельмухамбетова, Жансая Жаңбуршиева, Камила Джумаева, Мария Түгелбаева, Нұршат Қалдыбай жеңіс тұғырынан көрініп, турнир жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты.
Венера МИРЛАН Сутерттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="10765,10764,10761,10757,10754"]