7 мамыр күні әскерилер қарттар үйіне барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отан қорғаушы күні – Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылған күні. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Ал 2012 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің ресми туған күні мемлекеттік мәртебеге ие болды.
Мерейлі мереке күні Ақтаудағы әскери теңізшілер қарттар үйіне барды. Мақсат – үлкенге құрмет көрсете отырып, жастарға үлгі болу.
«Халқымызда «Қарт деген елдің қазынасы» деген нақыл сөз бар. Қарттарымызды қадірлеп, сол кісілердің игі істерін кейінгі ұрпағымызға үлгі етеміз. Осы кісілердің игі істерімен біздің ұрпағымыз осы күнге қол жеткізді. Қарттарымыздың жүзінен күлкі кетпей, еліміз ары қарай көркейіп дами берсін!», - деді әскери теңізшілер.
Шара аясында үрмелі әскери оркестр концерттік бағдарлама қойып, қамкөңіл қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ал, қариялар болса, әскери теңізшілермен бірге ескірмес, есті әндерді қосылып айтып, ризашылық сезімдерін білдірді.