Құрметті маңғыстаулықтар!
Баршаңызды еліміздегі шұғылалы мереке - бейбітшілік пен тыныштық, ұлтаралық келісімнің алтын арқауына айналған Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын!
Бұл мереке – әрбір қазақстандық үшін туған жерге деген сүйіспеншілік пен адалдық, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі.
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – бейбітшілік пен татулықтың жемісі. Еліміздің аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті өмір сүруі, қоғам игілігіне жемісті қызмет жасауы үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік аса қажет. Еліміздің барлық өңірлерінде кең көлемде тойланатын бұл мейрамның мақсаты – Қазақстан халқының бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулық, бірлік, теңдік, достық тәрізді ортақ құндылықтарды насихаттау.
Тәуелсіздіктің бастау алған ең қиын жылдарында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қарымды қайраткерлігі нәтижесінде республикамызда этносаралық сыйластық пен қоғамдық келісім тұрақты түрде сақталды. Мінеки, осындай ұлттың дархандық мінезі, салиқалы саясаты бар Қазақстан қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ ауызбіршілік нәтижесінде алынбас қамал жоқ екендігін ерте бастан пайымдаған. Бүгінде еліміз күрделі кезеңді бастан өткеруде. Әлемді жайлаған індетті жеңу, иық тірестіре бірге еңсеру, тасбекем тәртіп пен ұйымшылдық биігінен бой көрсету баршамызға жүктелген азаматтық парыз деп білемін. Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған тонның ішкі бауындай ынтымағы мен тектілігі. Сондықтан туған жердің төсінде, құшағын кеңге жайған бақуатты елдің баянды болашағы үшін жұдырықтай жұмыла еңбек етіп, іргелі істерге атсалысайық.
Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, мол ырыс-несібе тілеймін!
Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов