"Ақ жол құрылыс" ЖШС Бас директоры Асылбек Жолдыбаев Nur Otan партиясы бастаған #Qaharman челленджін жалғастырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бұл күні біз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларды ерекше құрметпен еске аламыз. Баршаңызға белгілі, жеңіс бізге оңайға түскен жоқ. Келер ұрпақтың бақытты әрі берекелі ғұмыры үшін миллиондаған адам фашизмді жеңу жолында жанын пида етті».
Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай және Ұлы Отан соғысына қатысқан атамыз Сүйеубаев Исатай Сүйеубайұлы туралы айтсам деймін.
1913 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тиген ауылында дүниеге келген.
1942 жылы өз еркімен майданға аттанған. Оңтүстік-Батыс майданының 21 әскери 293 атқыштар дивизиясына, 1036 полкқа автоматшы болып жіберілген.
1942 жылы қарашаның 20-сындағы Громки хуторы түбіндегі жау қорғанысын бұзу кезіндегі қимыл-қарекеті майдандастарын қатты сүйсіндірді. Танк десанты құрамында ол айқас алдында танк үстінде қалып қойып соғысады. Ол осы бір ұрыста үш жүзге жуық фашисті және 7 дзотты жояды. Автомат оғы, таусылған соң, қару оқталған жау әскерін басындағы каскамен соғып құлатады. Жаралы болғанына қарамастан ұрыс даласын тастамайды.
Исатай Сүйеубаев 1947 жылдың қыркүйек айының 16-сы күні Астрахань облысының Володар ауданындағы Қашқалдақ селосы маңында кездейсоқ жағдайда суға кетіп қаза болды. Денесі сол маңдағы Бестөбе деген жерге қойылған.
1993 жылы шілде айында Батыр атамыздың сүйегі Ресей жерінен, туған топырағы Тиген қауымына әкелініп қайта жерленді, Батыр рухына ас беріліп, ескерткіш орнатылды.
«Кеңес Одағының Батыры" атағына ұсынды, бірақ белгісіз себептермен "Ленин" ордені ғана берілді.
Батыр атамыздың атын өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында 2015 жылы Ақтау қаласы «Мәңгілік алау» Жеңіс саябағында ескерткіш стеласы орнатылды және 2017 жылы Ақтау қаласының 8 шағын ауданда орналасқан № 8 жалпы орта білім беретін мектепке есімі берілді. Мектеп ордасында соғыс ардагеріне арналған мұражай да бар.
Атамыздың Отаны,елі, жері үшін күрескен ерлігімен мақтан етеміз!
Ұлы Жеңістің 76 жылдығы құтты болсын! Аталған челленджді басқада ардагерлер ұрпақтарына жолдаймын.