5 мамыр күні коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша Маңғыстау облысы «Жасыл аймаққа» енді. Алайда «Жасыл аймаққа» сәйкес жеңілдетулер өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақтағаннан кейін облыстық жедел штабтың отырысында қабылданады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.
Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Маңғыстау облысы «Жасыл аймаққа» енгенімен, жеңілдету шараларын облыстық жедел штаб қарастырады. Яғни маңғыстаулықтар әзірге соңғы қаулының талаптарын ұстанады.
«Қазір эпиджағдай әр аймақта әртүрлі. Кез келген облыс өзінің эпиджағдайына қарап шешім қабылдайды. Мәселен, 7-8 күн ішінде Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары азайса, біз бірқатар жеңілдетулерді қабылдай аламыз», - деді Ғазиз Надуев.