©
Amal talks motivation – аты айтып тұрғандай, адамға ерік-жігер, ұлы мақсат, үлкен талап қоюға бағыт-бағдар беретін орта, amal talks интелектуалдық конференциясының заңды жалғасы.
«Aktau Open Fest-2016» фестивалінің соңғы күні, яғни 17 қыркүйекте өткен бұл конференцияға студент жастар, журналистер, блогерлер қатысты. Бұл жолғы конференцияға атақты дизайнер Кенже Девятко, Францияның би-бой бишісі Bosila Danya Junior, Украинадан келген уоркаутшы Денис Минин және екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин мен танымал суретші Сембіғали Смағұлов, «Naiza fighter» кәсіби спорттық клубының жетекшісі Нұрбек Қарабалаев, атлет Сергей Цырульников, «Ха-ха шоу» жас вайнерлері және т.б. шақырылды.
Франциядан келген би-бой биші Джуниордың өмірі кім-кімге де үлге. Екі жасында қатты ауырып, аяғына қатты зақым алған ол бір аяғын сылтып басады. Әлемнің 70 елін аралағантанымал биші конференцияда сөз сөйлеп, жастарға үлкен мотивация берді. "Ешуақытта кейін шегінбей, тек алға жылжу керек. Өйткені өмір сенікі, ал оның тым қысқа екенін бәріңіз білесіздер. Сондықан мейлі денсаулық, мейлі одан да басқа, кедергілер болсын, ештеңеге қарамай, сүйікті ісіңмен айналыс. Бәлкім мен денемде бір кемшілік болмаса, осы сахнаға шықпас па едім. Кемшілігің сенің ең үлкен артықшылығың да болуы мүмкін» - деді ол.
Сергей Цырульников темір шегені оп-оңай майыстыра алады, табаға шегені қолымен қағады, тағы сондай кез келген адамның күші жете бермейтін тылсым қасиеттерді бойына сіңірген. «Мен кез келген қазақтың үйіне барсам, ол қуана-қуана шай беріп, жылы шыраймен қарсы алады. Қазақстан – көп ұлт өкілдері тұратындығына қарамастан, тату әрі бақытты отбасы. Мен сол елде туып, өскеніме бақыттымын» , - деді ол. Ол темірді өз қолымен майыстырып тұрып, "Ресейге барғанда мұны орыстар жасады дегендерге қазақтың Қажымұқаны мен Балуан Шолағы кім екенін айтып, бұл күш қазақтың палуандарынан қалған деген жауапты айтқан. «Бұл тылсым магия емес, ол үшін медитация сияқты адамға қажет дүниелермен айналысу керек. Мен бұл салаға келмес бұрын, штанга көтеріп көрдім, шаршы алаңда төбелестім, бірақ бұған қанағатсыз едім. Ұзақ ізденіс пен еңбектің арқасында өз қызығушылығымды таптым» , - дейді Сергей.
Ал еліміздің мақтанышы Илья Ильян ұзақ уақыт өз өмірі туралы сыр шертті. Қазіргі спорт саласындағы әділетсіздіктің салдары тек маған емес, елдің басына сын болып тиіп отыр. Маған жалған жала жабылды. Осыған дейінгі медальдарымның барлығын маңдай теріммен, қаншама жыл бойы дайындалған жаттығуларымның күшіммен алдым. Мен ол жала жабушыларға барып дәлелдегім келмейді, мен Сіздерге дәлелдегім келеді. Дәлелдеймін де!», - деп аяқтады Илья Ильин өз сөзін.
Ал тумысынан көзінде сәл ақауымен дүниеге келген Кенже Девятко өз әңгімесін: «Мен интернатта, тұйық кеңістікте өмірге сүрген бір қызды танимын. Ол далаға сирек шығатын сабырлы, салқын қанды қыз еді», - деп бастады. Бір күні Шанель, Армани сынды киім брендтерін теледидардан көріп отырған ол «Мен де осы әйгілі дизайнерлер сияқты заманауи әрі ерекше киімдер шығарамын», - деп жанындағыларға айтқанда, бәрі бірден күліп жіберген екен. Ұзақ ізденіс пен талмай-тынбай еңбек еткеннің арқасында оны қазірде әлем танып үлгерген. «Мен шетелге шыққанда ешкім «Кенже» деген атыма мән бермейді, бәрі бірауыздан «Қазақстаннан келген дизайнер» деп сөйлейді. Өзімнің атым үшін емес, тұтас елдің атынан шығу үлкен жауапкершілікпен қоса, қажыр-қайратты талап етеді», - дейді ол. Сөз соңында «Ерекше интернатта өмір сүрген кішкене қыз мен едім», - деп аяқтады Кенже әңгімесін.
Осы ретте Amal talks шарасының негізін қалаған Тимур Бектұрдың өзі сол шарада әрі жүргізуші, әрі аудармашы қызметін атқарғанын атай кету керек. Залды қаптаған жастар конференция соңында әйгілі қонақтардан автограф алып, суретке түсті. Көрермендер Илья, Сергей, Кенже, Сембіғали сынды қонақтармен көптен көрмеген бауырлардай құшақтасып, оларға ағынан жарылып, жылы сөзін арнады.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ